09 шіл, 2021 сағат 14:13

458 878 отбасыға табысына қарамастан 141 млрд теңге жәрдемақы аударылды


2021 жылдың 6 айында 458 878 отбасыға табысына қарамастан 141 млрд теңге жәрдемақы аударылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы бала күтіміне байланысты жәрдемақы жалпы сомасы 31,7 млрд теңге көлемінде 120,9 мың адамға төленді. Ал 2021 жылға бұл мақсатқа 26 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде әрбір балалы отбасыға бала тууына байланысты 6,8 млрд теңге жәрдемақы төленді. Қазіргі уақытта елімізде 458 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Бұл санатқа кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы, оның ішіне 23 жасқа толмаған, күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасылар қосылып отыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның дерегінше, мұндай отбасыларға 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілген. Төлемдердің мөлшері бала санына байлнысты сараланған түрде төленеді. 4 балаға 46 760 теңге, 5 балаға 58 457 теңге, 6 балаға 70 154 теңге, ал одан кейінгі балалардың әрқайсысына 11 668 теңгеден беріледі. Бұл төлем ай сайын отбасының табысына қарамастан жүргізіледі. 

«Осы жылдың 6 айында аталған жәрдемақы 458 878 отбасыға жалпы сомасы 141 млрд теңге көлемінде аударылды. Мұнан басқа елімізде көпбалалы ардақты аналарымыз бар. Ардақты аналарымызды да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Аналардың абыройы мен беделін арттыру үшін табысына қарамастан Алтын алқа, Күміс алқа иегерлеріне мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Қазіргі уақытта жәрдемақ мөлшері 18 669 теңгені құрап отыр. Аталған жәрдемақы 231,3 мың батыр аналарымыз алады. Жыл басынан оларға 25,8 млрд теңге көлемінде қаражат төленді», - деді Асқар Ниязов.