Фото: pixabay.com
Қызылорда облысында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған ауылдық клубтың есепшісіне қатысты үкім қайта қаралып, жаза мерзімі ұлғайтылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Сот дерегінше, клуб директоры мен есепшісі қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, шамамен он жыл бойы жүйелі түрде қаржы жымқырып келген. Олар мекеме қызметкерлеріне негізсіз артық жалақы аударып, кейін түрлі сылтаумен қайтарып алып отырған. Көп жағдайда қызметкерлер бұл әрекеттердің заңсыз екенін білмеген.
Жалпы сомасы 36 миллион теңгені құраған заңсыз әрекеттері үшін сот бастапқыда екеуін де жеті жылға бас бостандығынан айырған. Алайда есепшіге қатысты «Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заң қолданылып, жаза мерзімі үштен біріне қысқартылып, 4 жыл 8 ай болып белгіленген.
Кейін сот актілерінің заңдылығы тексерілген кезде амнистия нормасының дұрыс қолданылмағаны анықталды. Прокуратура мұндай санаттағы істерге аталған заңның тек арнайы нормасы қолданылуы тиіс екенін атап өтті. Яғни, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе алаяқтық жасағаны үшін жаза тек бестен бір бөлікке ғана қысқартылуы қажет.
Қадағалау органының наразылығы негізінде кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын жойды. Нәтижесінде есепшінің жаза мерзімі 5 жыл 7 айға дейін ұлғайтылды.
