Фото: видеодан алынған скрин
Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Грекиядағы Қазақстан Елшілігінің көмегімен аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматын елге экстрадициялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылы Алматыдағы тасымалдау компаниясында бухгалтер болып істеген әйел басшысынан 230 мың АҚШ долларын банктік сейфке сақтау үшін алып, кейін қаражатты иемденіп кеткен.
Оқиғадан кейін күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2024 жылдың маусымында Грекияда ұсталып, Қазақстанның сұрауы негізінде елге қайтарылды.
Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе рейсі болмағандықтан, экстрадиция Сербия арқылы транзитпен жүзеге асқан. Бұл үдерісте Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі қолдау көрсетті.
Қазір күдікті Астанадағы тергеу изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Заңға сәйкес, мүлкін тәркілеу, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
