30 қар, 2020 сағат 10:30

34 мыңға жуық бейнекамера пәтер кіреберістеріне орнатылды - ІІМ

ҚР Ішкі істер министрлігі құқық тәртібін қамтамасыз етіп, халықты қылмыстан қорғау үшін «Қазақтелекомның» бейнебақылау жүйесін пайдаланады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сенбі күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев Ақмола облысының Ақкөл қаласында қалалық бейнебақылау жүйелерін дамыту және ауқымды деректерді талдауды қолдану саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ақкөл қаласы – «Smart City» жобасы іске асырылған Қазақстандағы бірінші қала», - деді ресми өкіл министрлік ұйымдастырған брифингте . 

Еске сала кетсек, 2017 жылдан бастап елімізде «Қауіпсіз қала» тұжырымдамасы аясында қалаларды бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету жобасы іске асырылуда. Республика бойынша 350 мың пәтерді қамтитын кіреберістерде 34 мыңға жуық бейнекамера орнатылған. 

«Меморандум аясында Қазақтелекомның бірыңғай бейнебақылау жүйелері ІІМ жүйесіне біріктірілетін болады. Бұл подъездердегі камералардан полицияның жедел басқару орталықтарының мониторларына суреттерді шығаруға және қоғамдық тәртіпті бұзуға жедел назар аударуға мүмкіндік береді. Бүгінде ІІМ өңірлердің жедел басқару орталықтарына қосылған 6 мыңға жуық бейнебақылау камераларын пайдаланады. Олардың көмегімен жыл басынан бері 5,5 мыңнан астам қылмыс ашылып, 408 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді», - дейді Н. Ораз.