Фото: ашық дереккөз
Астанада «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: бүгіні мен болашағы» атты Қазақстанның репродуктивтік медицина қауымдастығының XVII Халықаралық конгресі ашылды. Іс-шарада Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, елдегі репродуктивтік медицина саласының жетістіктерін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы 30 жылда елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламаларының арқасында 40 мыңға жуық бала өмірге келген.
«Ұлт саулығы аналардың денсаулығы мен өмір сапасымен тікелей байланысты. Бедеулік мәселесін шешу – әрбір азаматтың отбасы құру құқығын жүзеге асырудың маңызды бөлігі», — деді Сұлтанғазиев.
Қазақстанда бүгінде 32 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсетеді. Үш ірі мемлекеттік орталық — Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығы, және Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы.
Сондай-ақ, 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам бала дүниеге келді.
«Біздің клиникалар Орталық Азия елдерінің мамандары үшін тәжірибе мектебіне айналды. Қазақстандық репродуктологтардың жетістіктері шетелде де кеңінен танымал», — деді Сұлтанғазиев.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан бүгінде қосалқы репродуктивтік технологияларды (ҚРТ) қолдану тәжірибесі ең дамыған елдердің қатарында.
«Бедеулік – тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселе. Ол көптеген отбасылардың тағдырына әсер етеді. Біз бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырамыз», — деді ол.
Алматыда өтіп жатқан конгреске биыл Қазақстанмен қатар әлемнің 25-тен астам елінен 1000-нан астам маман қатысуда. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Түркия, Үндістан, Ресей және Өзбекстан сияқты елдердің жетекші ғалымдары бар.
Конгресс бедеулікті емдеудің инновациялық тәсілдеріне, ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығын жақсартуға және медицинаның этикалық қырларына арналған.
