Фото: ҚазАвтоЖол
«Қалбатау – Майқапшағай» автожолының негізгі жұмыстары аяқталып, толық қозғалыс ашылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» (906-1321 шақырым) автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, ұзындығы 415 шақырымды құрайтын учаскеде көлік қозғалысын толық ашты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов еліміздің шығысындағы маңызды көлік дәлізі — «Қалбатау – Майқапшағай» республикалық маңызы бар автомобиль жолының пайдалануға берілуімен ел азаматтарын құттықтады.
Депутаттың айтуынша, бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық жолдарды жаңарту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі. Осы бағытта Үкімет, Парламент және жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып жүйелі жұмыс жүргізді.
«Бұл жол — бірнеше рет Парламент қабырғасында көтерілген өзекті мәселе болатын. 2023 жылы депутаттық мандатымды алғаннан кейінгі алғашқы сауалым дәл осы «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын жөндеуге арналды. Бүгін сол еңбектің жемісін көрудеміз», — деді Нұртай Сабильянов.
Оның сөзінше, жаңа жол елдің шығысын көршілес мемлекеттермен байланыстырып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді.
