15 сәуірде Қазақстанда коронавирус тесті оң шыққан тағы 2656 адам анықталған. 71 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 28 адам өлімі тіркелген: 27 адам – коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы мен адам өлімі бойынша екі күн бұрынғы мәліметті жариялап келеді.
Бейсенбі күні Алматы қаласында 673 адамнан коронавирус анықталған. Нұр-Сұлтанда 601 науқас тіркелген. Шығыс Қазақстан облысында – 106, Павлодар облысында – 43, Атырау облысында – 117, Қарағанды облысында – 201, Ақмола облысында – 90, Батыс Қазақстан облысында – 112, Алматы облысында – 232, Қостанай облысында – 28, Солтүстік Қазақстан облысында – 42, Шымкент қаласында – 119, Жамбыл облысында – 40, Ақтөбе облысында – 120, Түркістан облысында – 22, Маңғыстау облысында – 35, Қызылорда облысында 75 науқас анықталған.
2020 жылдың наурыз айынан бері елде 281 351 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3333 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген мыңға жуық адам өлімі енбеген.
Қазақстан үкіметі былтыр тамыздан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. Содан бері елде барлығы 51 695 адам пневмонияның осы түрімен тіркелген. Оның 742-і қайтыс болған. Бұл дерек коронавирустың ресми статистикасынан бөлек жүргізіледі. Бірақ халықаралық ұйымдар Қазақстанның бұл екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.
Қазір 36 868 адам коронавирустан емделіп жатыр. 36 мыңнан астамының коронавирус тесті оң шыққан. 616 адамның жағдайы ауыр, 168 науқастың халі өте ауыр. 118 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халыққа коронавирусқа қарсы екпе салына бастаған. Вакцина бірінші кезекте дәрігерлерге салынды. 16 сәуірдегі мәлімет бойынша, елде 575 мың адам "Спутник V" екпесінің бірінші дозасын алған. 112 мың адамға екі дозасы салынған. Коронавирусқа қарсы өзге вакциналар секілді "Спутник V" екпесі де екі дозадан тұрады. Екіншісі біріншісінен кейін 21 күн өткенде салынады.