16 нау, 2022 сағат 18:16

25 жыл бойы іздеуде жүрген ресейлік әйел Қазақстанда ұсталды


Қазақстанда 25 жыл бойы мемлекетаралық іздеуде жүрген Ресей азаматы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Көліктегі полиция басқармасының бастығы Оңал Бекиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 9-18 наурыз аралығында "Іздеу" және "Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізіледі. Жеті күн ішінде іздеуде жүрген 11 қылмыскер ұсталған, оның ішінде 10-ы ТМД елдерінің құқық қорғау органдары іздеуінде.

"10 наурызда Сәтбаев қаласында департаменттің Криминалдық полиция басқармасы мен "Қарағанды-Сортировочная" станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 56 жастағы Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Ол аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген және 25 жыл бойы тергеуден жасырынып келген", - деді Бекиев.

Ұсталған азамат Челябі облысы бойынша Ресей Ішкі істер министрлігінің іздеуінде жүргені анықталды. 1997 жылдан бері ол Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген күдікпен ("Адам өлтіру") мемлекетаралық іздеуде болған. Оған қатысты экстрадиция мәселесі шешіліп жатыр.