04 нау, 2026 сағат 17:35

2,5 жастағы қыз әкесіне қатысты ауыр айып айтты: ШҚО-да қылмыстық іс қозғалды


Фото: ашық дереккөзден


Әлеуметтік желіде қазақстандық әйел кішкентай қызына әкесі тарапынан жыныстық сипаттағы әрекет жасалғаны туралы мәлімдеп, заңгерден көмек сұрағаны жөнінде жазба тарады, деп хабарлайды Ult.kz.


Жазбада анасы 2,5 жастағы қызының мазасызданып, денсаулығына шағым айта бастағаннан кейін күдіктене бастағанын жеткізеді. Оның айтуынша, бала жыныс мүшесінің ауыратынын айтып, әкесі туралы түсініксіз жайттарды сөз еткен.


Анасы бастапқыда қызының сөзін нақты түсінбей, мән бермегенін жазады. Алайда кейін бала әкесінің өзіне орынсыз әрекет жасағанын ишарамен жеткізген. Осыдан соң әйел құқық қорғау органдарына жүгінген.

Оның айтуынша, арыз бірден қабылданбаған. Кейін іс тіркеліп, анасы мен бала дағдарыс орталығында психологтың қатысуымен сұралған. Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, тергеу барысында кішкентай қыз әкесінің өзіне қатысты әдепсіз әрекеттер жасағанын айтқан.


Оқиғаға байланысты Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті ресми пікір білдірді. Ведомство Өскемен қаласының тұрғынының арызы негізінде алдын ала тергеу басталғанын хабарлады.


«Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – делінген ресми хабарламада.


Қазір іс құқық қорғау органдарының бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.