07 сәу, 2022 сағат 11:27

24 ақпаннан бері Қазақстанға 108 мыңнан аса РФ азаматы келген


24 ақпаннан бері Қазақстанның аумағына Ресей Федерациясының 108 057 азаматы келіп, 99 975 ресейлік елден шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі осындай мәлімет ұсынды. 

«Биылғы 24 ақпаннан 2 сәуірге дейін Ресей Федерациясының 108057 азаматы елге келіп, 99975-і кетті. Сонымен қатар, 2022 жылдың 3 айында РФ азаматтары үшін - 10158 ЖСН генерацияланды», - деп жазылған жауапта. 

Құзырлы органның ақпаратына қарағанда, ресейліктер Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап уақытша тұруға рұқсат алмай 90 тәулікке дейін болуға құқылы. 

«Ішкі істер органдары Ресей Федерациясының аумағында еңбек қызметін жүзеге асырған және Отанына оралған Қазақстан Республикасының азаматтарының есебін жүргізбейді», - деп жазады ІІМ баспасөз қызметі.