25 жел, 2021 сағат 11:18

22 жастағы ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы аргентиналықты жеңді


Қазақстандық боксшы Данила Семенов (4-0, 2 КО) кәсіби рингтегі бесінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол Мәскеуде өткен бокс кешінде «Покемон» лақап аты бар аргентиналық Пабло Фариаспен (32-5, 17 КО) кездесті. 

Олардың жекпе-жегі алты раундқа созылып, бірауыздан қабылданған шешіммен Семенов жеңді. Жекпе-жек барысында төреші қазақстандықтың алға ұмтыла жүргені үшін оның бір ұпайын алып тастады. Дегенмен, бұл жекпе-жектің нәтижесіне әсер еткен жоқ. Осылайша, Данила Семенов кәсіпқой мансабындағы бесінші жеңісіне қол жеткізсе, Пабло Фариас алтыншы рет жеңіліске ұшырады. 

Айта кетейік, 22 жастағы қазақстандық кәсіби алаңдағы дебютін 2020 жылдың қазан айында бастаған болатын. 

Семенов бұған дейін малавиялық Мусса Аджибаны (28-18-5, 24 КО), ганалық Абрахам Табулды (17-5-1, 14 КО), оңтүстік африкалық Осборн Мачимануды (23-15-2, 17 КО) және намибиялық Викапиту Мерероны (30-11, 15 КО) жеңген болатын.