2025 жылға дейін Ақтөбе облысында 525 шақырым автожол жөнделеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақтөбе облысы дамуының кешенді жоспары жобасы аясында министрлік жалпы 7 іс-шара бойынша жауапты орындаушы. Оның ішінде: 2 іс-шара құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында; 5 іс-шара автожол саласында. Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында осы жылдың 16 сәуірінде сіз мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 2 нысанда жеке инвестицияларды тарту арқылы кәріздік тазарту құрылыстары жобаларын іске асыру моделін мақұлдадыңыз. Олар: сервистік келісімшарт бойынша кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау; су арналарын жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беру», - деді ол Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата.
Оның атап өтуінше, кәріздік тазарту құрылыстары жобаларын іске асыру үшін сумен жабдықтау және су бұру секторында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша жол картасы бекітілді. Сонымен қатар, кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау мәселесін жедел шешу мақсатында министрлік қолданыстағы заңнама аясында іске асырудың қосымша тетіктерін қарастыруда.
«Осыған байланысты, субсидиялау тетігі аясында кәріздік тазарту құрылыстары жобаларын іске асыруды бастау үшін әкімдікпен, оның ішінде Ақтөбе облысының әкімдігімен жеке іс-шаралар жоспары жолданды. Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін ұзақтығы 2 мың шақырым 11,5 мың жер учаскесін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Бірінші вице-министр автожол саласында 2025 жылға дейін кешенді жоспар аясында республикалық және жергілікті маңызы бар шамамен 525 шақырым автожол жөнделетіндігін және реконструкцияланатындығын айтты.