18 жел, 2024 сағат 16:16

2024 жылы сатылған ең қымбат 7 картина


Өнер нарығы үшін 2024 жыл сақтық пен мүмкіндіктерге толы қарама-қайшылықтар жылы болды деп отыр мамандар. Жылдың ең қымбат 100 лотының жалпы құны 1,8 миллиард долларды құрады.

ULT.KZ интернет желісіндегі ақпараттарға сүйеніп, биылғы жылы сатылған ең қымбат картиналардың тізімін ұсынады.

Рене Магритт "Жарық империясы" (1954)

"Жарық империясы" - күндізгі аспан мен түнгі пейзаждың қарама-қайшылығымен таң қалдыратын сюрреализмнің ең танымал шедеврлерінің бірі. Бұл сурет Магриттің шығармашылығына тән құпияны бейнелейді. Бұл туында оның жарық тақырыбында салған жұмыстарының бөлігі деуге болады.

2024 жылдың қарашасында картина Нью-Йорктегі Christie ' s аукционында рекордтық құны 121,2 миллион долларға сатылды. Сатып алушы анонимді болып қалуды шешті. Бірақ бұл сауда жылдың ең үлкен сатылымы болды.

Фото: Рене Магритт "Жарық империясы" (Википедия)

Эд Рушей "Standard жанармай бекеті" (1964)

"Standard жанармай бекеті" картинасы ХХ ғасырдың ортасында поп-арт пен америкалық мәдениеттің символына айналды. Рушей жасаған бұл шығарма өнерге айналған қарапайым американдық шындықты көрсетеді. 

2024 жылдың қарашасында бұл туынды Нью-Йорктегі Christie ' s аукционында 68,2 миллион долларға сатылды. Кескіндеме ұзақ уақыт бойы жеке коллекцияда болған және оны сату жылдың ең таңқалдырарлық жаңалығы болды. Рушейдің туындыларындағы әйгілі лаконизмі мен графикасы өнер сүйер қауымды заманауи өнерге табынуына әкелді.

Фото: Эд Рушей "Standard жанармай бекеті" (Wikiart.org)

Клод Моне "Су Лалагүлдері" (1914-1917)

"Су лалагүлдері" - Клод Моне өзінің табиғатқа деген сүйіспеншілігін және жарық пен түстермен ойнау қабілетін көрсететін ең танымал серияларының бірі. Бұл туынды оның Гивернидегі бақшасында салынған.

2024 жылдың қарашасында сурет Нью-Йорктегі Sotheby ' s аукционында 65,5 миллион долларға сатылды. "Су лалагүліне" мұндай құн берілуі Моне мәртебесін ең үлкен импрессионистердің бірі ретінде растайды. Сатып алушы бұл шедеврді жеке коллекциясы үшін сатып алды.

Фото: Клод Моне "Су Лалагүлдері" (Википедия)

Жан-Мишель Баскиат "Атауы жоқ (Elmar)" (1982)

Неоэкспрессионизмнің жарқын өкілі Жан-Мишель Баскиат бұл суретті мансабының шыңында жасады. "Атаусыз (Elmar)" суретшінің ерекше стилін, граффити мен экспрессивті бояудар үйлесімін көрсетеді.

2024 жылдың мамырында кенеп Нью-Йорктегі Филлипс аукционында 46,5 миллион долларға сатылды. Бұл жұмыс Баскиаттың шығармашылығына тән әлеуметтік тақырыптарды көрсетеді және коллекционерлер арасында танымал болып қала береді. Оның сатылымы суретшінің мәдени құбылыс ретіндегі мәртебесін тағы бір рет растады.

Фото: Жан-Мишель Баскиат "Атауы жоқ (Elmar)" (Marbeks.com)

Рене Магритт "Құпия дос" (1958)

Магриттің бұл жұмысы көрерменді жасырын мағыналар туралы ойлауға мәжбүр ететін оның жұмбақ тәсілінің көрінісі. "Құпия дос" - бұл 2024 жылдың наурыз айында Лондондағы Christie ' s аукционында 42,1 миллион долларға сатылған символизмге толы сурет.

Жұмыстың бірегейлігі оның көп мағыналылығында жатыр, бұл суретке басқаша, жан-жақты қарауға мүмкіндік береді. Жоғары баға қазіргі заманғы коллекционерлер арасында сюрреалистік өнерге деген қызығушылықты растайды. Кенеп енді еуропалық сатып алушының жеке коллекциясын безендіреді.

Фото: Рене Магритт "Құпия дос"(Marbeks.com)

Энди Уорхол "Гүлдер" (1964)

"Гүлдер" - Энди Уорхолдың поп-арт объективі арқылы табиғаттың сұлулығын көрсететін ең танымал серияларының бірі. Шығарма 2024 жылдың мамыр айында Нью-Йорктегі Christie ' s аукционында 35,9 миллион долларға сатылды.

Кескіндеме өзінің жарқын түстерімен және ерекше Уорхол стилімен назар аудартады. Гүлдер сериясы суретшінің ең танымал туындыларының бірі болып қала береді. Ол оның қарапайым бейнелерді өнерге айналдыру қабілетімен ерекшелейді.


Фото: Энди Уорхол "Гүлдер" (Marbeks.com)

Клод Моне "Гивернидегі мая шөп" (1893)

Бұл жұмыста Моне күн мен жылдың әртүрлі уақыттарындағы жарықтың өзгеруін зерттеген "шөп шабу" сериясының бөлігі. "Гивернидегі мая шөп" картинасы оның әйгілі бақшасында жасалған және ол суретшінің басты шабытына айналды деуге болады.

2024 жылдың мамырында ол Нью-Йорктегі Sotheby ' s аукционында 34,8 миллион долларға сатылды. Бұл шығарма Моненің табиғи құбылыстарды бейнелеудегі шеберлігін көрсетеді. Оның сатылымы аукцион жылындағы ең маңызды сәттердің бірі болды.

Фото: Клод Моне "Гивернидегі мая шөп"(Marbeks.com)