25 қаз, 2020 сағат 12:20

2022 жылы Қазақстандағы елді мекендер интернетке 100 % қосылады

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, алдағы 2022 жылы Қазақстандағы елді мекендер 100 пайыз интернет желісіне қосылады. Ал 2023 жылы барлық өңірде 5G технологиясы енгізілу аяқталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин онлайн баспасөз жиынында айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3500ге жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған.

«Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-і, ал интернет пайдаланушылар саны бойынша 45-орында. 2023 жылы еліміздің барлық өңірінде 5G технологиясы енгізілмек. Ал интернеттің сапасына қатысты мәселе әлі де көп», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин онлайн баспасөз жиынында.

Цифрлық даму тек интернеттің жылдамдығымен өлшенбейтіні белгілі. Халыққа онлайн қызмет көрсету, қашықтан ақпарат алмасу барлығы осы жобаның аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстар.

COVID-19 пандемиясы елімізге ғана емес, бүкіл әлемге оңайға соқпағаны белгілі. Дегенмен, бұл жағдай әлеммен бірге Қазақстанның да цифрландыруға бет алғанын көрсетіп отыр.

«Рас, пандемия кезінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Уақыт талабына сәйкес біз елдің цифрлы дамуының бес басым бағытын айқындадық. Атап айтқанда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымын дамыту; цифрлы үкіметті дамыту; халықтың цифрлы сауатын арттыру; цифрлы кеңістікте қауіпсіздікті және құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету; экономика салаларын цифрландыру және ауқымды деректерді енгізу», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қазақстандықтардың 97 пайызы интернетке қол жеткізген. Цифрлы сауаттылық деңгейі 82,1 пайыз болса, автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 83 пайызға жеткен. Осы орайда министр екі мәселені шешуді алға тартты: біріншіден, мемлекетаралық электронды құжат айналымын реттеу қажет. Екіншіден, автокөлік саудасына қатысты мәселені негізге алды.

Естеріңізге сала кетейік, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, алдағы 2022 жылы Қазақстандағы елді мекендер 100 пайыз интернет желісіне қосылады. Ал 2023 жылы барлық өңірде 5G технологиясы енгізілу аяқталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин онлайн баспасөз жиынында айтты. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3500ге жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған. Сонымен қатар, Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-і, ал интернет пайдаланушылар саны бойынша 45-орында. 2023 жылы еліміздің барлық өңірінде 5G технологиясы енгізілмек.