Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2022 жылдан еліміздің басқа да өңірлерінің жұмысшы жастарына жалдамалы пәтер салынуы мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«2019 жылы 3 000 пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге жалға берілетін болады. Болжанған жалдау ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал, тұрғын үй алаңы кемінде 40 шаршы метр. Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлерге құжаттар қабылдау бүгін басталды. Алматы қаласы бойынша 200-ден аса өтінім түскен. Алдағы 3 жыл ішінде осындай 9 мың пәтер беріледі» деді Д.Абаев.
Осы ретте Дәурен Абаев бұл жүзеге асырылып жатқан шараларға қарап, жастарымыз баспана алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкентке жаппай көшу керек екен деп түсінбеуі керектігін баса айтты.
«Сондықтан да, мұндай пәтерді алу шартының бірі – соңғы 2 жылда сол қалада тұрақты тұру керек. Сонымен бірге, егер сіздер қолдасаңыздар, жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеруге болады» деді министр.