23 қаз, 2019 сағат 09:52

2020-2021 жылдары инфляцияның дәлізі 4-6 пайыз болмақ – Руслан Дәленов

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов алдағы бес жылдағы инфляция қандай деңгейде қалыптасуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4-6 пайыз деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3-5 пайыз шегінде болады», - деді министр елдің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын баяндау барысында.

Атап айтқанда, макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлер болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) болжам бойынша 2020 жылы 8,1 трлн теңге сомасында, 2021 жылы – 8,7 трлн теңге, 2022 жылы 9,5 трлн теңгені құрайды.

«Бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,1 пайыз, кейіннен 2021 жылы 1,5 пайызға дейін және 2022 жылы 1 пайызға дейін төмендеуімен жоспарлануда. Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,9 трлн теңге, 2021 жылы - 13,2 трлн теңге, 2022 жылы 13,7 трлн теңге көлемінде болжануда», - деді Руслан Дәленов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4 пайызды құрайтынын мәлім етті.