Күні кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдау жасау кезінде үкімет пен органдарға бірқатар тапсырма берді. Бұл тапсырмалардың барлығы дерлік халықтың әл-ауқатын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Қазақстандық мамандар бұл өзгерістердің халық үшін қандай ұтымды тұстары мен кемшіліктері бар екенін айтып өтті, деп жазады Sputnik.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап үкіметке ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру тапсырылды. Яғни барлық сала бойынша кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы өседі. Осылайша бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің жалақысы көбейіп, шамамен 35%-ке артады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2019-2021 жылдары бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күресу үшін экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажеттілігі айтылды.
Елбасы осы орайда қолма-қол ақшасыз экономикаға бет бұрудың маңыздылығын түсіндірді. Бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандыру шараларының өткізілу керектігі туралы айтты. Яғни үкімет алдағы 3 жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40%-ке қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс екені туралы сөз қозғалды.
"Жалақы көтерілгенімен, азық-түлік қымбаттайды"
Қазақстандық экономист Исатай Қамбарұлы бұл өзгерістің әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар үшін тиімді екенін айтты. Десе де, қоғамдағы өзге қызметкерлер үшін аса қуанарлық жаңалық еместігін де жасырмады.
"Ең төменгі жалақы өскенімен, ол біз өмір сүріп отырған қоғамға айтарлықтай өзгеріс әкеле қоймайды. 1 қаңтардан бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілетіні айтылды. Алайда осыған сәйкес сауда нүктелерінде азық-түлік бағасы қымбаттайды. Әрине, мұндай өзгерістерді қолдаймыз, қуанамыз. Себебі, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар үшін барынша тиімді болмақ.
Сондай-ақ, мұның фрилансер жұмысына қалай әсер ететініне тоқталайын. Мысалы, журналистер гонорарға жұмыс істесе де, жаңа талаптар бойынша ай сайын зейнетақы қорына белгілі бір мөлшерде ақша құйып отырады. Сондай-ақ, жекеменшік кәсібі барлар алты айда бір рет салық төлейді. Бұл осы азаматтар үшін тиімсіз болмақ. Бұдан өзге көптеген декреттік демалыста отырған жас ана тігін тігу секілді қарапайым кәсіптер арқылы күн көріп отырғанын ұмытпауымыз керек", — деді ол.
Экономист Исатай Қамбарұлы Елбасы айтқан экономикалық тергеу қызметін белгілі бір орган ретінде қабылдамауға шақырды. Аталған қызмет бар болғаны көлеңкелі жұмыс жүргізіп отырған компанияларды қатаң бақылауға алмақ.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап үкіметке президент әкімшілігімен бірлесе отырып "Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын" қабылдау тапсырылды. Біріншіден, полиция өзіне тиесілі емес қызметтермен айналыспайтын болады. Осы салада қаржы үнемделген жағдайда полицейлердің жалақысы көбейтіліп, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалады.
Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандарттары бекітіліп, мансапта ілгерілеу, кадрларды даярлау және іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Қызметкерлердің барлығы қайта аттестациялаудан өтіп, іріктеліп шықан үздіктер ғана қызметін жалғастырады.
Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтары енгізіліп, полицияны бағалаудың критерийлері өзгертілмек.
2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80%-і, ал 2020 жылы кемінде 90%-і электронды форматқа көшеді. Бұдан бөлек, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған жағдайда, алдымен, басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесі пысықталмақ. Сондай-ақ, Елбасы кезекті жолдауында адал жұмыс істейтін қызметкердің тексерушілерден қорықпауы тиіс екенін айтып өтті.
Сонымен бірге, "Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер" жобасы аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесі таратылмақ.
Орынбасары үшін неге басшысы жазаланады?
Осы орайда қорғаушы Абзал Құспан сыбайлас жемқорлық болған жағдайда неліктен бірінші басшылар жазаланатынын түсіндірді. Десе де, ол мұның жаңалық боларлықтай мәлімдеме еместігін, көптен бері айтылса да, еш нәтиже бермей отырғанын айтты.
"Бұл қатты бір таңғалатындай жетістік емес. Соңғы 10 жылда айтып келе жатқан мәселе десек те болады. Бізде сөз көп, іс жоқ. Әңгімеміздің бәрі бос. Әрине, жыл сайын жолдауда айтылмауы мүмкін. Бірақ бас прокуратура кеңсесінде жиі қозғалады. Тіпті, сыбайлас жемқорлық туралы заңға да тиісінше өзгертулер енгізген едік. Бірақ ешқандай нәтиже бермеді. Президент бұрын айтылмаған маңызды мәлімдеме жасады деп есептемеймін. Ал енді басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесіне келейік. Егер белгілі бір басшының орынбасары немесе басқа да лауазымды тұлға пара алып ұсталса, онда бірінші болып басшы қызметінен кетеді. Себебі, қалай айналып келсек те, кадрды сол тағайындайды.
Пара алмаған болса да, кадрды дұрыс тағайындай алмағаны, мемлекеттік қызметті дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін орнын босатады. Үшіншіден, айтыла бермейтін бір мәселе бар. Ол "стрелочник" деген ұғыммен байланысты. Яғни департамент басшысы немесе орынбасарлары параны өздері алады. Бұл туралы ешкім білмеген жағдайда ол ақшаны өзінен лауазымы жоғары тұлғаға апарып береді. Десе де, мұның өзі басшының айтқанымен істелетін дүние. Мұны заң жүзінде дәлелдеу қиынға соғып жүр. Сыбайлас жемқорлық бабы бойынша айыпталған азаматқа нақты осыншама жыл береді деп айту қиын. Себебі құқық бұзушылықтар әртүрлі деңгейде болады. Ең жеңіл түрі — айыппұл, ал ең ауыр түрі Қуандық Бишімбаевқа берілген 15 жылдық жаза. Ол жерде барлығы бар", — деді Абзал Құспан.
2019-2021 жылдары аралығында білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспей жатқан өңірлердегі проблемаларды шешу үшін бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, бүкіл мектеп пен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен қамтылып, мектеп психологтарының жұмысы күшейтілмек. Мұнымен қатар, мемлекет басшысы ЖОО-ларды ірілендіру, яғни қажетсіз университтерді жабуды және оларды өзара біріктіруді ұсынды. Ұлыбританияның Лондон қаласында білім алып, тәжірибе жинақтаған журналист Рахат Жақсыбай Елбасының бұл ұсынысын толықтай қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол қазақстандық және шетелдік ЖОО-лардың өзара қандай ерекшеліктері бар екенін айтып өтті.
"Шетелде білім сапасы оқу ақысына сай. Ал бізде…"
"Шетелдегі білім қаржылық аспектісінің болуымен ерекшеленеді. Яғни дамыған мемлекеттерде білім тауар ретінде сатылады. Бұл жерде негізгі фактор — білім арқылы табыс табу. Әдетте студенттер әлемнің ең үздік ЖОО-ларында білім алуды мақсат тұтады. Тиісінше озық университтердің білімі оқу ақысына сай келеді. Бұл бір шетінен университеттің өзіндік беделін қалыптастыруға себеп болады. Ал ЖОО-лар сапалы білім бере алмаса, тиісінше ақшасын да, абыройын да жоғалтады. Оқу орындарының көптігі сапа көрсеткіші бола алмайды. Бірінші кезекте осыны ескеруіміз керек.
Сондай-ақ, дамыған мемлекеттердегі университеттер белгілі бір саланы тереңдетіп оқытуға баса назар аударады. Мысалы, микробиология деген мамандық шалғай жерде орналасқан ЖОО-да оқытылуы мүмкін. Бірақ студент оған жету қиынға соғатынына қарамастан, міндетті түрде осы білім ордасында оқуға талпынады. Себебі, басқа ЖОО-лар микробиология саласына көп назар аудармайды.
Ал Қазақстанда студенттер көбінесе аты шыққан университетте білім алуға тырысады.
Яғни олар үшін өздері таңдаған саланы тереңдетіп оқытатын университетті таңдау маңызды емес. Меніңше, табыс тауып, диплом сату мақсатқа айналмауы тиіс", — деді ол.
Әрі қарай Рахат Жақсыбай шетелде Қазақстандағыдай студенттерге көп грант беріле бермейтіндігіне тоқталды.
"Еліміз мүмкіндік беріп отырған гранттарға тоқталғым келеді. Мысалы, өзім білім алған Ұлыбритания елінде біраз уақытқа дейін мемлекеттен ақша бөлініп тұрды немесе студенттер мемлекет қаржысына оқып, кейін сол ақшаны қайтарып отырды. Осы бағдарламалар тоқтап қалғаннан кейін азаматтарға оқу ақысын төлеу қиынға соқты. Бірақ аталған елде шетелдік студенттерге оқу бағасы екі есе қымбаттатылады. Ал бұл қаржыны бізге мемлекет төлеп беріп отыр. Мүмкіндіктер есігі ашылып тұрған кезде оны студенттеріміз пайдаланып үлгерсе игі еді. Себебі, уақыт өте келе гранттар саны шектеліп, бағдарлама тоқтатылуы мүмкін", — деді Болашақ стипендиаты Рахат Жақсыбай.
Медицина қызметкерлері үшін қандай көмек көрсетілмек?
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20%-ке көбеймек. Осыған орай бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінеді.
Барлық емхана мен ауруханада медициналық құжаттар цифрлық нұсқада жүргізілетін болады. Бұл өзгеріс 2020 жылға қарай Қазақстан тұрғындарының электронды денсаулық паспортын жасауға, ұзақ-сонар кезектерді жоюға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, Астанада ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталмақ. Оны салу барысында осы уақытқа дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлер тәжірибесі ескеріледі. Аталған орталықтың қазақстандықтар үшін маңыздылығы туралы Астана қаласы онкология орталығының бас дәрігері айтып берді.
"Елбасымыздың тапсырмасымен салынғалы отырған ұлттық онкологиялық орталықтың маңыздылығын өлшеп айту қиын. Өйткені қазір дүние жүзінің тенденциясы — қатерлі ісікке шалдыққан адамдар санының артуы. Бүгінде Қазақстан бойынша 180 мыңдай адам онкологиялық есепте тұрады. Жылына 35-36 мың адам тіркеуге алынады. Сол себепті бұл орталықтың біз үшін маңыздылығы жоғары. Оның үстіне президентіміз аталған орталықтың соңғы модельдегі құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен жабдықталатынын айтты.
Қазіргі таңда көптеген отандасымыз қатерлі ісікке шалдыққан соң шетелге барып емделуді жөн көреді. Ал бұл қыруар қаржыны талап етеді. Осы орайда, шетелдегі мүмкіндіктерді өз елімізге әкеліп, дамыған мемлекеттердегі мамандармен тәжірибе алмасатын боламыз. Олар біздің елге келіп қана қоймай, қазақстандық дәрігерлер шетелге барып білімін жетілдіреді. Сондай-ақ, біздің ел де көптен бері қатерлі ісікті емдеуде психолог мамандардың көмегіне жүгінуді қолға алған. Яғни дәрігерлер мен психологтар бірлесе жұмыс істейді", — деді Астана қаласы онкология орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев.
Әрі қарай маман жаңа жылдан бастап дәрігерлер жалақысының көтерілуіне қатысты пікір білдіріп, мұның медицина сапасына қалай әсер ететініне тоқталды.
"Дәрігерлердің жалақысы 20% көтерілетіні туралы айтылды. Барлық ақ халаттының жалақысы көтеріледі екен деп қате түсінік қалыптаспауы тиіс. Себебі бұл өзгеріс жанұялық және учаскелік дәрігерлерге қатысты енгізілмек. Оның үстіне, расымен де, олардың қазір жалақысы айтырлықтай көп емес. Бұл медицина сапасына үлкен әсерін тигізетініне сенімдімін. Бүгінгі дәрігерлер жұмыстарына толықтай беріліп қызмет жасап жатыр. Олардың еңбектері бағалануы керек", — деді ол.
Елбасы Қазақстан халқына жасаған кезекті жолдауда бұдан өзге де түйіткілді мәселелер мен өзгерістер туралы айтылды. Олардың көпшілігі ұзақ мерзімге жоспарланған.