13 там, 2019 сағат 11:57

2019 жылдың басынан бері 55 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді - Скляр

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар–шілде айларындағы өнеркәсіп салаларын дамыту туралы баяндады. 

ҚР ИИДМ мәліметтері бойынша, жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісі көлемі 102,7%-ды құрады, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 102,4%, өңдеу өнеркәсібі 103,2% құрады. 

Тау-кен руда секторында түсті металдарды өндіру 17,2%-ке ұлғайды, Биыл наурыздан бастап темір кенін өндіру көлемі 92,8%-дан 101,5%-ға дейін өсті. 

Р. Склярдің айтуынша, көмір мен лигнит (көмір концентратын есепке алмағанда) өндірудің өсуі 97,3% құрады. Бүгінде көмір экспорты бойынша оң динамика байқалады, 2018 жылмен салыстырғанда өсуі 101,9% немесе 15,8 млн.тонна құрады. 

«Өңдеу өнеркәсібінде өсу 3,2% құрады. Түсті металлургияда өндіріс көлемі 8,1%-ға өсті», — деді Р. Скляр.

Биыл жыл басынан бері қара металлургия саласында өндіріс көлемінің өсуі байқалады. Жеті айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 94% құрады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі атап өткендей, машина жасау саласында өндіріс көлемі  17,7%-ға өсті, бұл автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 50,6%-ға, басқа топтамаларға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар 14,5%-ға артуы есебінен мүмкін болды. 

Фармацевтика саласында өндіріс көлемі 18%-ға өсті, бұл өнімнің «Химфарм» зауытында 50%-ға, «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ-ында 13,8%-ға артуы есебінен мүмкін болды. 

Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдары өндірісінің  18,3%-ке, киім өндірісінің 5,4%-ке өсуі есебінен жалпы өндіріс 14,3%-ке өсті.

Қазіргі уақытта «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бірқатар нормативтік актілер мен жүйелік шаралар қабылдануда.

Көлік кешені бойынша 2019 жылдың қаңтар-шілдеде нақты көлем индексі 105,4%-ті құрады. Қазақстан арқылы контейнер тасымалдаудың жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 38,4%-ға өсті және 351,6 мың ЖФБ құрады.

«Тұрғын үй құрылысында 7 айдың қорытындысы бойынша 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Республика бойынша барлығы 55 849 баспана пайдалануға берілді (оның ішінде 24 013 жеке тұрғын үй бар). Тұрғын үй тапсыру көлемінің артуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 7 өңірінде жалғасуда. Жылдық жоспарға қол жеткізу үшін осы өңірлерде жұмысты жандандыру қажет», - деді Р. Скляр.