12 қар, 2019 сағат 13:08

2019 жылдың 10 айының қорытындылары бойынша өңдеу өнеркәсібінің барлық секторында өсім байқалды - ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 2019 жылдың 10 айындағы өнеркәсіп және көлік саласының даму қорытындылары туралы баяндады.

2019 жылғы 10 айдың ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 103,5%-ды, оның ішінде: тау-кен өнеркәсібі 103,7%-ды, өңдеу өнеркәсібі 103,3%-ды құрады.

Тау-кен өндіру секторында түсті кен өндірісінің көлемі 2018 жылы пайдалануға енгізілген тау-кен өндіру кәсіпорындары есебінен 18%-ға ұлғайды.

Жыл басынан бері темір кенін өндіру саласында оң динамика байқалуда. Тауарлық кен өндірісі 48%-ға ұлғайды, өндіру көлемінің 103,8%-ға өсуі есебінен Ресейдегі және Қытайдағы концентрат пен шекемтастар экспортының өсуі қамтамасыз етілді.

Көмір мен лигнит өндіру көлемі 97,3%-ды құрады.

«Көрсеткіштер көмір өндіруші кәсіпорындарда көмір өндірісінің азаюы салдарынан төмендеді. Бұл ретте, нақты көлем индексі көрсеткішінің 0,4%-ға өсуі байқалуда және жылдың соңына қарай +1,8%-ға орындау күтілуде», — деді Б. Атамқұлов.

Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3%-ды құрады. Негізгі секторлар бойынша мынадай динамика байқалады:

  • Қара металлургияда өндіріс көлемі 94,4% құрады.
  • Түсті металлургияда өндіріс көлемі 7,3%-ға өсті.
  • Машина жасау саласында 18,8%-ға өсті.
  • Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 15,2%-ға өсті.
  • Жеңіл өнеркәсіпте 18,9%-ға өсті.

Қазіргі уақытта «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында саланы дамыту бойынша бірқатар нормативтік-құқықтық актілер мен жүйелі шаралар қабылдануда.

Көлік кешені бойынша 2019 жылғы қаңтар-қазан аралығында нақты көлем индексі 105,6%-ды құрады. Қазақстан арқылы контейнер тасымалдаудың жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға өсті және 530,8 мың жиырма фунттық баламаны құрады.

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 2019 жылғы қаңтар-қазан айларында 112,7% құрады.

«9 өңірде оң динамика байқалуда. Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Үш өңірде – Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында көрсеткіштің төмендеуі байқалады», — деп нақтылады министр.

Тұрғын үй құрылысы бойынша 10 айдың қорытындысы бойынша 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 100%-ды құрады. Жылдық жоспар бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй пайызы 75,4%-ды құрады.

Республика бойынша барлығы 84 580 баспана пайдалануға берілді.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің ұлғаюы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 9 өңірінде жалғасуда. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар: Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы. Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынның төмендеуі Жамбыл облысында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.

«Жылдық жоспарға қол жеткізу үшін осы әкімдіктер жұмысты жандандыру қажет. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Министрлік жетекшілік ететін барлық салаларда нақты көлем индексінің жоспарлы мәндеріне қол жеткізіледі», — деді Б. Атамқұлов.