19 жел, 2020 сағат 22:21

200-ден астам адам Ресейден коронавирус жұқтырып келген - СҚО

Солтүстік Қазақстан облысында КВИ жұқтырғандардың ішінде сырттан келушілер көбейген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссияның мәліметіне сенсек, сырттан індет жұқтырып әкелгендердің басым бөлігі - Ресей Федерациясынан келген Қазақстан азаматтары. 

Мәселен, 16 желтоқсанда Ресеймен шекаралас автомобиль жолдарындағы шекаралық бақылау бекеттерінен 502 адам өткен (Жаңа жол бекеті - 230 адам, Қарақоға бекеті - 223 адам, Бидайық бекеті - 49 адам). 

Жаяу жолаушылардың 188-де ПТР талдаудың теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болған. 

Анықтамасыз келген 25 Қазақстан азаматы карантин стационарына жатқызылып, ПТР әдісімен COVID-19-ға тестіленген. 

ПТР тестілеу нәтижесі бойынша бір жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталған.

6 қазан мен 16 желтоқсан аралығында Ресеймен шекаралас автомобиль жолдарындағы ҰҚК шекара бақылау бекеттерінен 37 125 адам өткен. 

Оның ішінде 9 785 адамда ПТР тестілеудің теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болған. 2 081 ҚР азаматы анықтама болмағандықтан карантин стационарына жатқызылған. 

ПТР нәтижесінде 206 адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталып, 21 адам инфекциялық стационарға жатқызылған және 185 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Сонымен қатар, ПТР-анықтамасы жоқ 256 шетел азаматына ҚР аумағына кіруіне тыйым салынды.