06 сәу, 2018 сағат 13:36

20 жылдан соң Семейдің сол жағалауына ыстық су берілмек

Биыл жазда семейліктердің ыстық су мәселесі шешілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ыстық су маусым айында беріледі деп жоспарланып отыр. Осылайша қаланың сол жағалауындағы 33 мың тұрғын биыл ыстық суға қосылады. Бүгін Семейге іссапармен келген облыс әкімі Даниал Ахметов № 1 Жылу электр стансасында болып, қазандықтардағы жөндеу жұмыстарымен танысты.

2009 жылдан бастап №1 жылу электр стансысында қайта жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қаланың сол жағалауындағы көпқабатты тұрғын үйлер ыстық сумен қамтылмақ. Ал ұзақ жылдар ыстық судың болмауы су құбырларының ескіруі салдарынан туындаған мәселе. Жылу электр стансысына келген аймақ басшысы қазандықтардағы жөндеу жұмыстары 1 маусымға дейін аяқталуға тиіс екенін қадап айтты.

«Жұмыстар 1 маусымға дейін аяқталуы керек. Халық алдағы 20 жылға ыстық сумен қамтылатын болсын. 1997 жылдан бері жаз кезінде бұл жерде су болмаған. Осы мәселе толық шешіліп, қайта көтерілмеуі тиіс. Тек РК-3-тен жылытылатын шағын ауданды есепке алмағанда, - деді Даниал Ахметов.