10 қаз, 2019 сағат 10:38

20 жыл бұрын Нұр-Сұлтанда картоп егілген дала ғана болды - UNWTO бас хатшысы

Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) бас хатшысы Зураб Пололикашвили Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Нұр-Сұлтанға алғаш рет келіп отырмын. 20 жыл бұрын мұнда картоп егілген дала жатыр еді. Ал қазір өңірдегі ең заманауи қалада отырмыз. Министрлері мен әкімдері туризмді талқылайтын орындар өте аз. Бүгінде туризм қарқынды дамып келеді және алуан түрлі қызықты орындармен бірге өзекті мәселелер де туындауда», - деді UNWTO бас хатшысы бүгін елордада басталған Бүкіләлемдік туристік ұйымның VIII жаһандық саммитінде.

Оның айтуынша, 20 жылда Нұр-Сұлтан қаласының өсіп-дамуы сәулеттік келбет пен ақылды инфрақұрылымды жоспарлаудың, жүзеге асырудың нақты мысалы бола алады.

«Соңғы жылдары Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен даму бағытын ұстанды. Мұнда бүкіл әлемнің туристері үшін ауқымды ілгерілеу болды. Нұр-Сұлтан «ақылды» бағытта дамып келеді. «Ақылды қалалар» адамдардың өміріне жақсы ықпал етіп қана қоймай, туристерге де тамаша әсер береді. Туризм секторы қоғаммен өзара байланыста болуы тиіс. Ал біз туризмнің экономика дамуындағы рөлін түсіндіруіміз керек. Тәжірибе алмасып, туризм саласындағы мәселелерді шешкіміз келеді», - деді З. Пололикашвили.

Айта кетейік, 10-12 қазан күндері елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) қала туризмі жөнінде VIII жаһандық саммиті өтеді. Онда ақылды қалаларды дамыту арқылы қаланың өзекті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен технологиялар тақырыптары талқыланады.