25 жел, 2023 сағат 17:18

19 жастағы қыз такси жүргізушісін дүкенге жіберіп, көлігін ұрлап кеткен

Фото: Polisia.kz

Талдықорғанда жолаушы такси жүргізушісінің көлігін заңсыз иемденген, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Полицейлер жолаушы ретінде қаланың шағын аудандарының біріне барған жас қыз ұрлап әкеткен шетелдік көлікті иесіне қайтарған.

"Демалыс күндері Талдықорған полицейлері ұрланған Hyundai Accent көлігін іздеуге көмек сұраған жергілікті тұрғынның өтінішін тіркеді. Өтініш беруші көлікті белгісіз қыз ұрлап кеткенін, оны облыс орталығының шағын аудандарының біріне апарғанын түсіндірді" - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, жолда келе жатқанда клиент жүргізушіден минералды су сатып алуды өтінген, кейін жүргізушінің жоқтығын пайдаланып, көлікті айдап әкеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жәбірленушінің шетелдік көлігін Алматыдағы ойын-сауық орындарының бірінен тапқан.

"Автокөлік заңды иесіне қайтарылды. Күдікті тұлға ретінде 19 жастағы қызды ұстадық. Қазір іс жүзінде ҚР ҚК-нің 200-бабында (Ұрлау мақсатынсыз автокөлікті немесе өзге де көлік құралын заңсыз иемдену) көзделген қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адамның жеке басын растайтын құжаттары болмағанын ескере отырып, ол уақытша қабылдау-тарату орнына жеткізілді", – деді Талдықорған ҚПБ бастығының орынбасары Қайрат Баймұханов.

Жыл басынан бері аймақта 37 автокөлік ұрлау фактісі тіркелген. Барлық көлік табылып, иелеріне қайтарылған.