15 нау, 2022 сағат 16:40

184 млн гектар жайылымның 21 млн гектарын ғана пайдаланып отырмыз – Әшімбаев


ҚР Парламенті Сенатында жайылымдарды пайдалану мәселесін қозғайтын екі бірдей заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Салық кодексі жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары не үшін әзірленіп жатқанын түсіндірді.

«Қазіргі таңда халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылды жерде тұратыны белгілі. Оның көбінің негізгі табысы да, күнкөріс көзі де қолындағы жеке малы десек, артық айтқандық бола қоймас. Алайда соңғы жылдардағы жайылымның тапшылығы ауыл тұрғындары үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталғаны белгілі. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға баса мән берді. Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін айтты», - деді Сенат төрағасы. 

Мәулен Әшімбаевтың мәліметі бойынша, Қазақстан жайылым жер ресурстарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орын алады. 

«Елімізде жайылым жерлерінің жалпы ауданы - 184,3 млн гектары. Бірақ бүгінгі таңда осы көлемнің 21 млн гектарында ғана жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жаюға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, еліміздегі жайылымдық жерлердің өнімділігі мен сапасының нашарлауы да үлкен мәселе болып отыр. Оған жайылымда жайылатын мал басының шекті деңгейден асып кетуі өз салдарын тиігізуде. Алқаптарды шамадан тыс қарқында пайдалану және жайылым жүктемесін сақтамау экологиялық тепе-теңдікті бұзып отыр. Бұл жемшөп көлемінің төмендеуіне ғана емес, жердің тозуына, эрозияның артуына әкеліп соқтырды», - деді Сенат спикері.