12 нау, 2026 сағат 11:28

156 майнинг құрылғысымен крипто өндірген: Теміртауда 185 млн теңге тапқан азамат сотталды

Фото: aikyn.kz


Қарағанды облысының Теміртау қаласында цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізген.


Іс материалдарына сәйкес, Э.Г. Толовов 2021 жылдың тамыз айынан бастап лицензиясыз криптоферма ұйымдастырған. Ол Ресейден 156 дана майнинг жабдығын сатып алып, оларды өзіне тиесілі өндірістік базаға орнатқан.


Тергеу мәліметінше, күдікті өндірілген цифрлық активтерді криптобиржадағы жеке аккаунтында жинап, кейін BinancePool және Litecoinpool.org майнинг пулдары арқылы сатқан. Сауда операциялары P2P-аударымдар арқылы және USDT-ны теңгеге айырбастау жолымен жүзеге асқан.


Нәтижесінде заңсыз өндірілген активтердің жалпы көлемі 11,2 BTC және 90,2 LTC болған. Оның нарықтық құны шамамен 185 миллион теңгені құрайды.


Сот үкімімен айыпталушы 1 жылға бас бостандығынан айырылып, барлық майнинг жабдығы тәркіленді. Сонымен қатар мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 185 миллион теңге өндірілді.


Сот шешімі заңды күшіне енді.


Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде 3,5 млрд теңгеге заңсыз криптоайналым жасаған топтың әшкереленгені хабарланған болатын.