05 мау, 2023 сағат 16:19

"15 миллионға сатып жіберген". Депутат ауылдағы мектепті 2 айда қайтаруды талап етті

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілісте ҚР елді мекендеріне арналған өңірлік стандарттар жүйесі туралы Үкімет сағаты өтті. "AMANAT" партиясы фракциясының депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектептің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

"Сіздерге бір сұмдықты айтайын, біз қазір бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 балаға арналған орта мектеп болған. Кейінгі жылдары толығымен капиталды ремонт жасалды, жаңадан спорт залын салды. Ауыл балалары қуанып жүргенде сол ауылдың мектебін жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, әкімдіктен басқа кім сатады? Ол біреуден алған, 15 млн теңгеге сатқан, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 млн теңгеге басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені Прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым. Олар шамамыз келмейді, сот шағымымызды қабылдамайды деп отыр", - деді Толықбай.

Депутат мектепті қайтаруға 2 ай уақыт беретінін, әйтпесе барлық кінәлі адамдарды анықтайтынын айтты.

"Сол ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұрады. Бір үлкен мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберу деген сұмдық нәрсе ғой. Алматы облысының әкімі, бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз", – деді Мақсат Толықбай.