Фото: azattyq-ruhy.kz
Семей қаласының тұрғындарына ауылға көшу ұсынылуда. Осы мақсатта жергілікті билік «Қаладан – ауылға» атты пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды Ult.kz «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту, кадр тапшылығын азайту және шалғай елді мекендерге қала тұрғындарын тарту.
Қаланың қарбалас тіршілігін ауылдың тыныш өміріне ауыстырғысы келетіндерге әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі.
Отбасыларға бастапқы жарна ретінде 1,5 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді, сондай-ақ кәсіп ашуға немесе мал шаруашылығымен айналысуға көмек беріледі. Кәсіпкерлерге 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несие мен гранттар қарастырылған.
Еркебұлан Кеңесбекұлы, Абай ауданы Медеу ауылдық округінің әкімі:
"Біз мектеп жасындағы балалары бар отбасыларды шақырамыз. Оларға баспана, 10 сиыр және бір жылқы береміз. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз".
Нұрлан Назарханов, Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі:
"Жер ресурстары жеткілікті. Еңбек етуге ниетті азаматтарға қажетті қолдау көрсетеміз. Өткен жылы бізге екі отбасы көшіп келді. Бұл – соңғы 10 жылда жаңа тұрғындар болмағанын ескерсек, үлкен оқиға".
Бүгінде Абай облысы аумағында 600 мыңнан астам адам тұрады, оның 222 мыңы ауылдық жерде өмір сүреді. Билік өкілдері бұл бағытта өсім әлеуеті жоғары деп санайды. Жобаның міндеті – ауыл халқының санын сақтап қана қоймай, оны арттыру және ауылды көшуге тартымды ету.
Берик Уәли, Абай облысының әкімі:
"Ауылдардың даму әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту және елді мекендерді жаңғырту қажет. Міндеттер ауқымды, бірақ бізде ресурстар да, ортақ нәтижеге ұмтылыс та бар".
«Қаладан – ауылға» жобасы 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Билік ауыл экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Аудан әкімдеріне бастаманы іс жүзінде тиімді іске асыру міндеті жүктелген.
