13 мам, 2024 сағат 16:43

14 адам қаза тапқан «Семей орманындағы» өртке кінәлі екі адам 7 жылға сотталды

Сурет: Абай облысының әкімдігі

14 адамның өліміне әкеп соққан "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерватындағы алапат өртке кінәлілер анықталып, Бородулиха аудандық соты екі қызметкерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Сот "Семей орманы" резерватында және Новошульба филиалында басшылық лауазымдарды атқарған В. және К. орман өрті кезінде оларға жүктелген өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындамағанын, жағдайды дұрыс бағаламағанын және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етпегенін, соның салдарынан 14 адам қаза тапқанын анықтады.

В. және К. кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен және т. б. толық дәлелденген. 

"ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген", - делінген хабарламада.


Сотталушылардың екеуінде де жас балалардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы түріндегі жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот В. және К. - ны кінәлі деп тауып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.