Халықтық коммунистерден сайланған депутаттар әйтеуір халықтың жайын ойлап жатады ғой. Жуырда Айқын Қоңыров бастаған олар тағы да жай жатпай Ұлттық банктың төрағасы Данияр Ақышевке сауал жолдап, Үкіметтің 2015 жылдың сәуір айында халықтың ипотекалық қарыздарын қайта есептеу үшін арнайы бағдарламамен бөлген 130 млрд. теңгесінің тағдыры не болғанын сұрады.
Осы 130 млрд. теңгемен 2004 жылдың 1 қаңтарынан 2009 жылдың 31 желтоқсанына дейін ипотекалық борыш алғандардың қарызы қайта есептелінеді екен. Коммунистер неге осы қысқа мерзім ғана қамтылғанын сұрайды. Борышкерлердің қабырғасы сөгіліп, теңгенің нағыз құнсызданған шағы 2014 жылдың ақпаны еді ғой, осы кезеңдегі борышкерлердің қарызы неге қамтылмаған, дейді депутаттар. Сонымен қатар олар бағдарламаны орындайтын банктердің қайсы 130 млрд-тың қаншасын алғанын білгісі келіпті және олардың тізімін беруді талап еткен. Бұл әрине, «бармақ басты, көз қыстымен» тек алпауыттардың банктері ғана асап қалды ма дегенді білгілері келгені ғой...
Депутаттар сауалының ең салмақты жері мынадай: бағдарламамен келген қаражатты мақсатсыз шығындарға қай банк жұмсап жібергенін көрсетіңіз. Оларға қандай шаралар қолданылды? Сонымен қатар бағдарлама бүгінге дейін қанша борышкерді қамтыды? Борышкерлер тарапынан бағдарламаға қатысқан екінші деңгейдегі банктердің қаншасының үстінен қанша арыз-шағымдар түсті?
Бұл сауалдарға жауап беру қиын емес, бірақ көкелері мен жәкелерінің банктерін «бүлдіріп жатыр» деп көрсетуге Ақышевтың айбыны жетер ме екен?
Е.Серікбаев, сарапшы
Ұлт порталы