03 там, 2023 сағат 13:37

100 метрге жүгіруден Универсиада тарихында болмаған нәтиже тіркелді

Фото: flipboard.com

Чэндуда (Қытай) өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында спорт жанкүйерлері күтпеген антирекорд тіркелді. 100 метрге жүгіруден әйелдер арасындағы бәсекеде сомалилік спортшының нәтижесі көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Жарысқа қатысқан Насыр Әли Абукар мәре сызығына бәрінен кеш келді. Ол 100 метрді 21,81 секундта жүгіріп өтті. Жарыс жеңімпазынан 10 секундқа қалып қойған. 

Fox Sports ақпараты бойынша, бұл Универсиада тарихында болмаған нәтиже. Салыстыра қарайтын болсақ, әйелдер арасындағы әлем рекорды 10,49 секундты құрайды, ал студенттер арасындағы үздік нәтиже – 11 секунд. 

Жарыстың видеосы интернетте жылдам тарады. Одан 20 жастағы сомалилік қатысушының жүгіру спортынан хабары аз, физикалық дайындығы жоқ екенін анық байқауға болады. Тіпті, жарыс алдында қалай дайындалу керегін де қарсыластарына қарап бағдарлайды. Ал көпшілік оның осындай ірі халықаралық жарысқа қатысу құқығына ие болғанына аң-таң. 


Аталған оқиғадан кейін Сомалидің спорт министрі Барре Мохамуд көпшілік алдында кешірім сұрады. Сондай-ақ елдің жеңіл атлетика федерациясы басшысын қызметінен босатқанын хабарлады. Кей басылымдар жарысқа қатысқан Насыр Әли Абукарды Сомалидегі белгілі шенеуніктің жиені екенін жазуда. 

Сомалидегі университеттер одағы Қытайдағы Универсиада ойындарына арнайы спортшы жібермегенін хабарлаған. Спорт министрі де бұған қатысы жоқтарын мәлімдеген. Оны Могадишодағы университеттердің бірі қатыстырған, - деп жазады Somali Times. 

Қазіргі таңда Сомалиде спортшыға қатысты деректер бойынша тергеу істері басталған.