ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдіктерге Жеке сәйкестендіру нөмерін (ЖСН-ИИН) беру мен азаматтық берудің ара-жігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптаның мәліметтері бойынша, 10 мыңға жуық адам Жеке сәйкестендіру нөмерін алды. Ресейдегі көптеген қаржы институттарының процедуралық жұмысына санкциялар кедергі келтірді, сондықтан олар бізге жүгінеді. ЖСН алғандардың біздің елімізге келуі де міндетті емес. Олар біздің банк карточкаларымызды ғана пайдалана алады», - деді Марат Қожаев Мәжілістің жалпы отырысында тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша Қазақстандық жеке сәйкестендіру нөмерін кез келген шет елдің азаматы ала алады.
«Ол кәсіпкерлік қызметті, қаржылық операция процестерін және басқа да мәселелерді жүргізу үшін керек. ЖСН – жай ғана құрал, ол азаматтықты немесе елде тұруға ықтиярхатты білдірмейді», - деді Қожаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 130 мыңға жуық адам келді, оның 120 мыңы кері оралған. Ал Украинаның 3481 азаматы елде жүр.
Қазіргі статистикаға сүйенсек, 170 Ресей азаматы, 7 Украина азаматы Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірген.