12 қар, 2019 сағат 08:59

10 айда Қазақстан экономикасының өсімі 4,4% құрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Экономиканың, банк саласының, республикалық бюджеттің орындалуының, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамтудың жай-күйі туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады, өнеркәсіп және көлік саласындағы жағдайлар туралы, экспорттық өнімдер бойынша ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, аграрлық сала бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, мұнай-газ саласы туралы ҚР энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов мәлім етті. 

Қазақстан экономикасы тұрақты өсу беталысын көрсетіп отыр — 2019 жылғы қазан-қаңтар айларында ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңіне 4,4% құрады. Құрылыста – 12,7%, саудада – 7,5%, көлік саласында – 5,6%, өңдеу секторында, оның ішінде машина жасауда – 18,2%, жеңіл өнеркәсіпте – 19%, түсті металдар өндірісінде – 7,5%, мұнай өңдеуде – 7,2%, металл кендерін өндіруде – 16,1%, байланыс қызметінде – 4,5% оң динамика байқалып отыр. Ұлттық қор активтері 2,1%-ға $59,2 млрд-қа дейін, республикалық бюджетке кірістер – 8386,6 млрд теңгеге (жоспардың 100%) артты, өсу қарқыны 113,7% құрады. 

Премьер-Министр Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдерінің есебін тыңдады, бұл өңірлер бірқатар экономикалық көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр, сондай-ақ, бюджет қаражатын барынша игермеген министрліктердің басшылары — экология, геология және табиғи ресурстар (10,6 млрд тг), білім және ғылым (9,3 млрд тг), мәдениет және спорт (6,1 млрд тг), цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі (5,1 млрд тг) министрлері тыңдалды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында экономика өсімін қамтамасыз ету міндетін алға қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте еліміздің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау бойынша шараларды қабылдауды тапсырды», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр өңірлер мен министрліктердің басшыларына Елбасы Н. Назарбаев пен Президент Қ. Тоқаев алға қойған міндеттерді орындау жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, маңызды өнеркәсіптік көрсеткіштердің өсімін ынталандыруды тапсырды.

Үкімет басшысы Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерінің жұмысының жақсы нәтижесін атап өтті, оларда осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі экономикалық индикаторлардың өсімі байқалады. Артта қалушы әкімдіктерге проблемалық көрсеткіштер бойынша жағдайды ретке келтіру үшін түбегейлі шараларды қабылдаудың қажеттігі айтылды.

«Бюджет бөлігі бойынша өткен жылмен салыстырғанда, осы жылдың жоспарының асыра орындалуы байқалуда. Дегенмен, бюджеттік бағдарламалардың бірқатар әкімшісінде бюджет қаражаттарының игерілмеуі белгіленген. Өткізілмеген конкурстар, жосықсыз мердігерлер және қаржыландыру жоспарлары бойынша өзгерістер жөніндегі дәлелдер қабылданбайды. Жыл соңына дейін бір жарым ай қалды», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр экономиканың сапалы әрі тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға барлық күш-жігерді жұмсау қажет екенін атап өтті.