Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын мөлшерін 16 метеостанса, 11 агропост пен сонша гидропост бақылайды. Синоптиктер жауған жауын-шашын мөлшерінің қалай есептелінетінін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы мамандарының айтуынша, көпшілік бір қалада немесе ауылда, мәселен 10 мм жаңбыр жауды дегенді естіп, оның қандай мөлшер екенін біле бермейді. Ал қыста жауын-шашын мөлшері мен қар қалыңдығын шатастырады.
Осы сұрақтарға жауап беру үшін синоптиктер әлеуметтік желідегі өз парақшасында 1 мм жауын-шашынның қанша болатынын қарапайым мысалдармен түсіндіріп берді.
«Аспаннан жауатын жаңбыр, қар, бұршақты атмосфералық жауын-шашын деп атайды. Оның мөлшері миллиметрмен есептеледі. Яғни жерге жауған жауынның сіңіп, буланып кетпеген қалыңдығы есепке алынады. 1 мм жауын-шашын бір шаршы метр аумаққа төгілген 1 литр суға тең. Ал 10 мм деген бір шаршы метрге төгілген бір шелек су», - дейді «Қазгидромет» мамандары.
СҚО аумағында жауын-шашын мөлшерін 16 метеостанса, 11 агропост пен сонша гидропост тәулігіне екі рет өлшейді. Мәселен жауған жаңбыр Третьяков жауын-шашын өлшегіші (осадкомер) деп аталатын арнайы құрылғыда жиналады.
«Осадкомердің ішінен шелегі алынып, оның ішіндегі сұйықтық осадкомер стаканға құйылады. Қыста жауған қар бөлме температурасына дейін ерітіліп барып өлшенеді. Бұл ыдыста судың мөлшері есептеліп, қанша мм жауғаны анықталады.
Ал қардың қалыңдығы бақылау пунктерінде екі тәсілмен анықталады. Біріншісі датчик арқылы автоматты түрде жүзеге асырылса, екіншісінде дәстүрлі түрде есептеледі. Ол үшін бақылау учаскесінде тең қабырғалы үшбұрыш түрінде қар өлшейтін үш тақтайша орнатылған», - дейді синоптиктер.