БҰҰ-ның даму бағдарламасының рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысының жұртшылығымен өткен кездесуде айтты. Кездесуге еңбек сіңірген ардагерлер, өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылары, аграрлық сала өкілдері, жастар көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Елбасы тәуелсіздік жылдарында дамудың орнықты экономикалық моделі жасалғанын атап өтті.
«Нарықтық экономика үшін дамудың жаңа «локомотивіне» айналған мықты кәсіпкерлер тобы пайда болды. Бүгінде елімізде 1 миллион 260 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік саладағы жетістіктерінің де маңыздылығын атап өтті.
«БҰҰ-ның даму бағдарламасының рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді», – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының «индустриялық-өнеркәсіптік тірегіне» айналған өңірдің елеулі даму нәтижелеріне назар аударды.
«Өңірдің одан әрі дамуының іргелі индустриялық базасын құраған ауқымды жобалар жемісті жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын, бастапқы алюминий өндірілетін электролиз зауыты салынды, ол Қазақстанды түсті металлургиядан жетекші елдер қатарына қосты. Бұл маңызды жобаның дамуы барысында «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамында алюминий сымдарының өндірісі іске қосылды. Тағы бір маңызды нысан – қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» акционерлік қоғамының зауыты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлт порталы