ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады.
Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1,6 трлн теңге сомасына 615 МЖӘ келісімшарты жасалды, оның ішінде 551,5 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде республикалық жобалар бойынша – 339,5 млрд теңге, жергілікті жобалар бойынша – 212 млрд теңге. Жобаларды жоспарлау мен дайындаудың түрлі кезеңдерінде 1,9 трлн теңге сомасына 638 жоба бар.
472 млрд теңгеге жуық сомаға 547 МЖӘ нысаны пайдаланылу сатысында, оның ішінде 541 – 288,4 млрд теңге сомасына жергілікті маңыздағы, 6 – 183,6 млрд теңге сомасына республикалық маңыздағы.
1091 млрд теңге сомасына 68 нысан іске асырылу сатысында (инвестициялық кезең), оның ішінде 65-і – 365 млрд теңге сомасына жергілікті маңыздағы және 3-і – 725,9 млрд теңге сомасына республикалық маңыздағы: Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ), ауылдық елді мекендерді интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, әуе жолаушылары туралы мәліметтерді жинау жүйесі.
Денсаулық сақтау саласында 3 жылда жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 58,9 млрд теңгеге 127 МЖӘ келісімшартын жасады. Тек 2019 жылы 23,5 млрд теңге сомасына 21 келісімшарт жасалды. 2019 жылдан 2024 жыл аралығында МЖӘ аясында республикалық деңгейде 838,5 млрд теңге сомасына 16 ірі аурухана салу жоспарланған, оның ішінде қазірге дейін 7 жобаны іске асыру басталды.
Білім беру саласында 243 млрд теңге сомасына 558 МЖӘ жобасы іске асырылып жатыр. Биыл қаңтар айынан бастап 98 жекеменшік мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты бойынша 6 млрд теңге сомасына мемлекеттік тапсырыс алады. 2019-2020 оқу жылының басына 47 жаңа жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 13 жаңа жекеменшік мектеп ашылады. 70 жобада студенттерге арналған жатақханалар ашу қарастырылған.
Үкімет басшысы оң динамиканы атап өтіп, МЖӘ дамыту бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
«МЖӘ дамыту – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Аса маңызды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және ТКШ, білім беру, денсаулық сақтау сияқты секторларда іске асырылып жатыр», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруды тапсырды, оның ішінде көлік және энергетикалық, ТКШ саласында, бұл мақсатта МЖӘ дамытудың озық халықаралық тәжірибесін ескерумен заңнамаға қажетті өзгерістерді пысықтау керек.
Үкімет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жетекшілік ететін салаларда МЖӘ дамыту бойынша Жол карталарын әзірлеуді тапсырды. Олардың орындалу барысы Үкіметтің Жобалық кеңсесінің отырыстарында тыңдалатын болады.
«Жалпы, бізге еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің тиімді өзара іс-қимылын жолға қою қажет», — деп түйіндеді А. Мамин.