Жезөкшелік притоны бар қылмыскерді қолдап, оған «қамқорлық» көрсетуден ақша тапқан ақтаулық полицей 12 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ақтау қалалық полиция басқармасы Жедел-криминалдық бөлімшесінің жедел уәкілі Д.Айбековке үкім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, бұрынғы полиция қызметкері 12 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров онлайн баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, сотталған полицей өзінің қызметтік жағдайын пайдаланған. Нақтырақ айтқанда, қылмыстық топ басшысына жезөкшелікпен айналысу және жеңгетайлық үшін притондар ұйымдастыруға, қызметін қамтамасыз етуге «қамқорлық» көрсеткен. Одан 3 млн теңге мөлшерінде ақша қаражатын алды деген күдікке ілінген.