18 нау, 2026 сағат 11:24

БҚО-да зорлық күдігімен қамауда отырған экс-шенеунік жұмбақ жағдайда көз жұмды

 

Фото: Ашық дереккөз

 

Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынған бұрынғы шенеунік көз жұмды. Қазір оның өліміне байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті 25 ақпанда заң талаптарына сәйкес қамауға алынған.

 

11 наурыз күні оның денсаулығы күрт нашарлап, облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған бауырдың некрозды токсикалық зақымдануы және кетоацидозбен асқынған инсулинге тәуелді қант диабеті диагнозын қойған.

 

Алайда 16 наурыз күні сағат 18:10-да ер адам есін жимастан қайтыс болды.

 

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, жан-жақты тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

 

Еске салайық, бұған дейін өңірде кәмелетке толмаған қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Күдікті ретінде бұрынғы шенеунік ұсталған болатын.