17 нау, 2026 сағат 17:15

Telegram арқылы есірткі сатқандар ұсталды: 17 жылға дейін сотталды

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысында интернет арқылы есірткі саудасын ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелері 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық желі «Telegram» мессенджері арқылы жұмыс істеп, есірткіні «контактісіз жеткізу» тәсілімен таратқан. Тапсырыстар онлайн қабылданып, төлемдер «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүргізілген.

Жедел-тергеу шаралары барысында Қазақстанның бірнеше өңірінде әрекет еткен 6 адамнан тұратын ұйымдасқан топ ұсталды. Тергеу кезінде 10 келіден астам психотроптық зат тәркіленіп, заңсыз айналым тоқтатылды.

Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге сотталды.

Сонымен қатар, тергеу барысында мыңдаған банктік шоттар мен шетелдік карталар бұғатталып, есірткі жарнамалаған жүздеген Telegram-арнаға шектеу қойылған.

Мамандардың айтуынша, интернет арқылы есірткі тарату – қазіргі таңда ең қауіпті қылмыстардың бірі. Осыған байланысты өңірде алдын алу жұмыстары күшейтіліп, жастар арасында түсіндіру шаралары жүргізілуде.