20 қар, 2020 сағат 10:10

Туберкулезге шалдыққан науқастарды амбулаториялық емдеу мүмкіндігі кеңейді - Цой

Әлемде 2020-2025 жылдар аралығында COVID-19 әсері салдарынан туберкулезге шалдыққан 1,4 миллион науқас қайтыс болуы мүмкін. Бұл туралы 18-19 қарашада өткен «Туберкулезді тоқтату» Серіктестік кеңесі басқармасының 33-отырысында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырысқа ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. 

«Әлемдік қауымдастық туберкулезге шалдыққан әрбір науқасты назардан, медициналық және әлеуметтік көмектен тыс қалдырмауы керек. Әсіресе пандемия кезінде. Оның үстіне, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша 2020-2025 жылдар аралығында 6,3 миллион адам туберкулезге шалдығады және COVID-19 әсері салдарынан 1,4 миллион науқас қайтыс болуы мүмкін», - делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында.

«Әлем елдері бірігіп күрескенде ғана қоғамдық ауруға айналған туберкулезді жоя аламыз», - деді А. Цой.

Жиын аясында Африка Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда министр Алексей Цой әлемдік қоғамдастықты, әсіресе коронавирус инфекциясы пандемиясы кезінде Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейтуге шақырды. Министр қазір Қазақстанның туберкулезбен ауыратын науқастарға стационарлық деңгейде көмек көрсету моделінен МСАК және стационарды алмастыратын емдеу моделіне көшкенін хабарлады.

«Біз туберкулезге қарсы ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігін әзірледік. Төсек-орын қорын қысқарту есебінен үнемделген қаражат қайта бөлінеді. Осылайша, туберкулезге шалдыққан науқастарды амбулаториялық емдеу мүмкіндігі кеңейді, емдеу мен профилактикада жаңа технологиялар қолданылуда, МСАК деңгейінде науқастарға психо-әлеуметтік қолдау көрсетіледі», - деді Цой.