Фото: Сенат баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында мүгедектігі бар балаларды кешенді қолдауға бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі қарастырылды. Жұмыс тобының алғашқы отырысына сенаторлар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен өткен Инклюзия жөніндегі кеңес отырысында мүгедектігі бар балаларды қолдау туралы заңнаманы жетілдірудің маңыздылығы ерекше аталған болатын. Жаңа заң жобасы мүгедектігі бар балаларға тиімді әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз етуді көздейді.
Сенатор Амангелді Толамисовтың айтуынша, әзірленіп жатқан құжат әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмекті жақсартумен қатар, мүгедектігі бар балалардың қоғамға кірігуіне жағдай жасауға бағытталған.
«Бұл заң мүгедектігі бар балаларға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді», – деді сенатор.
Қолданыстағы заң 2002 жылы қабылданып, осы уақытқа дейін 70-тен астам түзету енгізілген. Парламентшілердің пікірінше, қазіргі заңнама заманауи талаптарға және халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Жұмыс тобы мүшелері заңның 18 бабының 16-сына өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл өзгерістер мемлекеттік және жеке ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды үйлестіруді, ерте анықтау тетіктерін жетілдіруді көздейді.
Заң жобасы мүгедектігі бар балаларды өмірдің барлық кезеңінде кешенді қолдау мен қоғамға кіріктіруді қамтамасыз етуге бағытталады. Сенаторлар жаңа құжаттың балаларға көрсетілетін қолдау деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді көздейтінін мәлімдеді.
Алдағы уақытта жұмыс тобы заң жобасына нақты ұсыныстар әзірлеп, Сенатқа ұсынады.