22 қар, 2024 сағат 13:16

Қызылордадағы сексуалды құлдық оқиғасы: Жаңа заң қаншалықты орындалып жатыр?

Фото: freepik.com

Бүгін Астанада "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" жаңадан қабылданған заңның орындалуына байланысты жиын өтіп жатыр. Жиынға қатысқан спикерлерден ULT.KZ тілшісі қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі Қызылордада сексуалды құлдықта болған қыздың оқиғасына қатысты сұрауға тырысқан еді.

Мәжіліс депутаты, шараның модераторы Марат Башимов Қызылордада болған оқиға осы заңдардың қабылдануымен сәйкес келіп тұрғанын айтты.

"Сол үшін қоғам да, депутаттар да осыған өте үлкен көңіл бөліп отыр. Заңды орындаудың маңыздылығы осында. Заң болмаса қалай жұмыс істейді? Бәріміз де осыған үлес қосуымыз керек", - дейді.


ҚР Адам құқықтары бойынша өкіл Артур Ластаев мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін жазаның бұлтартпастан орындалуын қамтамасыз етеміз деп отыр.

"Біріншіден ондай оқыс оқиғалар болғанда құқық қорғау органдары тиісті қылмыстық кодекс аясында тергеуді бірден бастайтыны белгілі. Біз де мониторинг жасаймыз. Біздің Қызылорда аймағындағы өкілімізге тергеудің қалай жүріп жатқанын мониторинг жасау бойынша тиісті тапсырмалар берілген. Біздің басты міндетіміз қоғамда мұндай қылмыстар ақталмайтынын көрсету үшін жазаның бұлтартпастан орындалуын қамтамасыз ету. 
Екіншіден, зардап шеккендер тиісті көмек пен оңалтудан өтіп, толық айығып кетуін қамтамасыз етуді қадағалап, тиісті шараларды қабылдаймыз. Қажетті жұмыстар атқарылуда. Барлық детальдарды ашық айта алмаймын", - деді Артур Ластаев.


Ал халықаралық ұйымдар бұл жағдайды бақылап отыр ма? Біз сұрағымызды "ҚР халықаралық көші-қон ұйымы адам саудасына қарсы бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Әлия Белоносоваға қойып көрдік, алайда ол жауап беруден бас тартты. Бірақ, не үшін екенін түсіндірмеді.

Айта кетейік, 21 қарашада Сенат отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қыздың ісінің қалай өрбіп жатқанын айтқан. Оның сөзінше тоғыз қылмыстық істің бесеуі аяқталған.

"Алдағы уақытта тағы бірнеше іс қозғалатын болады. Аяқтағаннан кейін барлық материалдар сотқа жолданып, оған нүкте қойылады", - деді Сәденов.


2024 жылғы 5 қыркүйекте «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң күшіне енді. Құжат аясында Қылмыстық кодекске адам саудасына байланысты жаңа қылмыстар енгізілді және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» ұғымы пайда болады.

Жаңа заң бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылады:

  • Адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық қызметке тарту және жеңгетайлық;
  • Бұл қызметтерді насихаттау және жарнамалау;
  • Интернет арқылы жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық притондарын ұйымдастыру.

Сонымен қатар, татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату алынып тасталды.

11 қарашада Қызылорда қаласының №2 сотында бұл іс бойынша алғашқы үкім шығып, 21 жастағы айыпталушы "Бопсалау"  ісі бойынша 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қоғамда бұл жаза мерзімін аз деп жатқандар да бар.

Еске салсақ, 8 тамызда Қызылорда қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған қызын сыныптастары есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, азаптағанын айтқан.