25 қар, 2024 сағат 19:33

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апаты болды: екі адам тірідей өртеніп кетті


© Sputnik / Анатолий Устиненко


Жамбыл облысында жол апаты салдарынан екі адам тірідей жанып кетті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.


Облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, жол апаты 24 қараша күні кешкі сағат 20:50-де "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" тас жолында болған. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео таралды.


Таразға бет алған ВАЗ 2114 және BMW көліктері жол жиегінде тоқтап тұрған. Сол кезде Mercedes маркалы көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, екі бірдей көлікке соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, BMW бірден отқа оранады. Салонда әйел мен оның кәмелет жасқа толмаған ұлы болған. Екеуі де тірідей жанып кетті.

Қазіргі кезде жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Mercedes-тің 44 жастағы иесі қамауға алынды.


Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.