Фото: Pexels.com
Ақмола облысында 300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен бірнеше шенеунік пен кәсіпкер қамауға алынды. Бұл қаражат су тасқыны қаупі бар аймақ тұрғындарына арналған үйлерді салуға бөлінген, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, Атбасар ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшыларына және «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС құрылыс компанияларының жетекшілеріне қатысты тергеу аяқталды. Тергеу барысында ірі көлемдегі ұрлық фактісі анықталды.
«Бұл қаражат 2021 жылы үкімет резервінен Атбасар ауданындағы су басу қаупі бар аймақтан 200 отбасын көшіру үшін екі 100 пәтерлі үй салуға бөлінген», — деп хабарлады прокуратура.
Күдіктілерге «аса ірі көлемде мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бабы бойынша айып тағылып отыр. Олар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Сонымен қатар, прокурорлар «қылмыстық жолмен алынған мүлікті» анықтады. Олардың қатарында Астана мен Алматыдағы коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс жабдықтары және банктік шоттарда сақталған 50 миллион теңгеден астам қаражат бар. Барлық тәркіленген мүліктің құны 335 миллион теңгеден асады. Бұл мүліктің бір бөлігін иесі жалға беріп, қылмыстық кіріс алып отырған.
«Осыған байланысты, күдіктілердің бірінің әрекеті қосымша ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі бойынша — „Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру (жылыстату)“ деп сараланды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — деп толықтырды прокуратура.
Екі күдікті қамауға алынса, үшінші адам үйқамаққа алынды.
Процесс қатысушыларына іс материалдарымен танысуға уақыт берілді. Қылмыстық істің соңғы шешімін сот шығарады.