29 сәу, 2026 сағат 15:21

Ақтөбеде тұрғын үй схемасы әшкереленді: 15 адам заңсыз пәтер алған

Фото: Pixabay

Ақтөбеде мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз бөлуге қатысты сыбайлас жемқорлық схемасы әшкереленді. Прокуратура мәліметінше, кезекте тұрмаған азаматтарға пәтер беру деректері анықталып, кінәлі тұлға 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу барысында «Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ-нің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, тұрғын үйді заңсыз үлестіруді ұйымдастырғаны белгілі болды.

Схема бойынша 15 адам тұрғын үй кезегіне негізсіз енгізілген. Алдымен оларға тұруға жарамсыз баспаналар беріліп, кейін бұл үйлер жайлы пәтерлерге ауыстырылған. Барлық шешімдер тұрғын үй комиссиясы арқылы заңсыз рәсімделген.

Кейін пәтерлер жекешелендіріліп, сатылған. Бұл әрекеттердің пайда табу мақсатында жасалғаны анықталды.

2026 жылғы 29 сәуірде Ақтөбе қаласының №2 соты айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін Оралда «пәтер алып беремін» деп тұрғындарды 7,5 млн теңгеге алдаған алаяқ та сотталған еді.