Оңтүстік Корея астанасы Сеулде орналасқан Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілі сабағы оқытылады. Цой Ён Сон – аталған университеттің Орта Азия факультетінде білім алып, төрт жыл бойы қазақ тілін үйренген тіл маманы. Нұрай деген екінші қазақ есімі бар Ён Сон алдағы уақытта кәріс-қазақ сөздігін құрастыруға көмектесетін мамандарды іздейді. Қазір өзі оқыған университетте ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтін Ён Сонға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Оңтүстік Кореядағы жетекші университеттердің бірінде қазақ тілі оқытылатынын естіп білдік. Аталған университеттің оқу жүйесіне қазақ тілі пәнін оқыту бағдарламасының қалай енгізілгенін сұрамас бұрын, Сеулде тұратын сенің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығың неден басталғанын білгім келіп отыр?
– Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға ем алу үшін жиі баратынын білетін боларсыз. Бір басылымнан Сеулге келіп, ем алып жүрген, жүрегі ауыратын қазақ баласының сұхбатын оқыдым. Емхана әкімшілігі балаға дәрігерлермен сөйлесуге оңай болу үшін орысша сөйлейтін аудармашының қызметін ұсынған. Ондағылар қазақтардың барлығы орыс тілін жақсы біледі деп ойласа керек. Алайда, әлгі бала Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болғандықтан, орысша жетік білмейді екен. Дәрігерлерге алғысын жеткізген ол тек тіл жағынан қиналғанын, орысша дұрыс түсінбегендіктен айналасымен емін-еркін сөйлесе алмағанын жеткізген. Сол сұхбатты оқыған соң, қазақ тілін меңгеріп, бізге ем-дом алуға келетін балаларға көмектесетін маман боламын деп шештім. Оның үстіне, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқым келді. Кореяда қазақ тілін білетін бір маман керек қой деп ойладым. Мұнымен қоса, мектепте оқып жүргенде Кеңес Одағы тұсында кәрістердің Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға жер аударылғаны туралы көп оқығанмын, сөйтіп, сол кезден бастап Қазақстан деген мемлекетті танып-білгім келді. Сол себепті біздің университеттің оқытушылары үйрететін көп тілдің ішінен қазақ тілін таңдадым.
– Ал сен оқыған университетте қазақ тілін оқытатын бағдарламаны енгізуге кім түрткі болған?
– Хангук шет тілдер университеті – Оңтүстік Кореяда тіл мамандарын даярлайтын жетекші университеттердің бірі. Мұнда Орта Азия факультетінде шетел студенттерін қазақ және өзбек тілін үйрететін сабақтар өткізіледі. Факультетті Қазақстанда оқыған, қазақ тілін жақсы меңгерген кәріс ғалым басқарады. Ол кісі өзінің ұстазы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде профессор қызметін атқарған Әлия Құрышжанды Сеулге келіп, біздің университетте сабақ беруге шақырған. Сөйтіп, Әлия апай қазір Сеулде қазақ тілін үйренемін деушілерге сабақ беріп жүр. Жалпы, қазақ тілі Оңтүстік Корея бойынша тек біздің университет пен Бусандағы университеттердің бірінде ғана оқытылады. Біздің университетте қазақ тілін мықты оқытады деп нық сеніммен айта аламын, себебі біздің оқытушы Әлия Құрышжан – нағыз ұстаз, білікті, қазақ тілін оқытуда өзіндік әдістемесі бар танымал маман. Ол кісі бізді Америкада арнайы әзірленген оқулықтармен оқытты. Әлия апай материалдардың басым көпшілігін өзі әзірледі. Бұдан бөлек, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінен де материалдар алдыртты. Қазақстанда әзірленген оқулықтар болды, алайда орыс тілінде жазылған, ал бізге орыс тілінде сабақ оқу қиын. Десек те, Әлия апайдың көмегімен 4 жылдың ішінде қазақ тілін жақсы меңгеріп шықтық. Айта кетерлік жайт, Орта Азия факультетінде оқыған соң, аталған аймақта орналасқан елдер тобының тілдерін ғана емес, сонымен қатар, олардың Оңтүстік Кореямен саяси және әлеуметтік байланысы бойынша білім алдық.
– Қазақ тілін үйренуде қандай қиындықтарға кезіктің?
– Негізі, кәріс тілі мен қазақ тілінің грамматикасы ұқсайды. Кәріс тілі мен түркі тілі дүниежүзіндегі тілдер шоғырының ең үлкені – алтай тілдер тобына кіретінін білесіз. Сондықтан қазақ және кәріс тілдерінің туыстық белгілері бар. Сол себептен де Кореяда тұратын қазақтар кәріс тілін тез меңгереді. Мен де қазақ тілін оңай меңгердім. Біз, кәрістер, ең алдымен қазақша әріптер мен сөздерді жатқа білсек болғаны, ал сөйлемді өзіміздің тілдік құрылымға салып, құрастырамыз. Дегенмен, Оңтүстік Кореяда қазақ тіліндегі материалдар саны өте аз. Мұнымен қоса, біздің елде тұратын, қазақ тілді орта қалыптастыруға септігін тигізетін қазақтар аз. Жалпы айтқанда, қазақ тілін үйренемін деп құлшынып тұрған адамға көмектесетін құралдар аз. Сол себепті мен секілді қазақ тілін меңгергісі келетін отандастарыма көмекші құрал ретінде кәріс-қазақ сөздігін құрастырып шығарғым келеді. Қазір қазақ тілін оқып жатқан кәрістер жетерлік. Алайда, олардың тілді үйрену барысында мен тап болған мәселелерге кезігетінін біліп, сөздік құрастыру идеясын ортаға салдым. Сол сөздікті әзірлеп, қолданысқа берген соң, тілді үйрену әлдеқайда оңай болады деп сенемін.
– Қазір өзің оқыған университетте жұмыс істейді екенсің. Ондағы жұмысың да Орта Азия елдерімен байланысты ма?
– Иә. Өткен жылы әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге грант тағайындауға жауапты бөлімде жұмыс істедім. Ал биыл өзге елдердің мәдениетіне байланысты пайдалы ақпарат ұсынатын жобаларға жауаптымын. Сонымен қатар, Еуразия болашақ көшбасшыларының ассоциациясында қосымша жұмыс істеймін. Кореяда тұратын Орта Азия елдерінің азамттарына оқу грантын иелену, жұмыс табу мәселелері бойынша көмектесеміз. Сонымен қатар, кәрістерге Орта Азия елдері туралы ақпарат таратамыз.
– Пандемия кезінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті студенттерімен онлайн кездесу өткізіпсің. Аталған университет өкілдерімен қалай байланыс орнаттың?
– 2013 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде бір айлық тәжірибеден өттім. Сосын алмасу бағдарламасы бойынша 2015-2016 оқу жылын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыдым. Кейін 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен ЕХРО көрмесінде Оңтүстік Корея павильонында жұмыс істедім. Ол павильонда қазақ тілін білетін жалғыз кәріс болдым. Сол себепті сіздердің Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев біздің павильонға кірген кезде Оңтүстік Кореяға қатысты барлық мәліметті қазақ тілінде мүдірмей айтып шықтым. Тағы бір айта кетерлігі, Сеулден арнайы келгенімді естіп-білген көпшілік қазақ тілінде қалай сөйлейтінімді есту үшін арнайы біздің павильонға келетін. Таныстырылым аяқталғанша, маған тамсанып қарап тұратындары әлі көз алдымда.
– Қазақ тілін білетін болғандықтан, Алматыда бір жыл бойы оқу, Нұр-Сұлтанда жарты жыл тұру оңай болмаған шығар?
– Қазақстан – мен үшін шет мемлекет. Оның үстіне, Оңтүстік Кореяда Қазақстанмен байланысты ақпарат аз. Сол себепті жөнді мәлімет білмейтін бөгде елде оқу, тұрып-жүру оңай емес екені белгілі. Біріншіден, тіл жағынан қиындықтар туындады. Әсіресе, құжаттарды реттеу барысында осы мәселеге тап болдым. Нотариуспен сөйлесу үшін орыс тілін білуің керек. Ал мен орысша түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын. Нотариусқа қазақша сөйлесем, маған орыс тілінде жауап қайтарады. Қазір такси шақыру қызметі түзелген болар, бірақ мен оқығанда таксиге міну үшін жолдың шетіне барып тұратынбыз. Сосын әдепкіде тамақтану жағынан сәл қиналдым. Қазақтар етті көп жесе, ал бізде тамаққа көкөністерді көп қосады. Әлбетте мен татқан тағамдардың дәмі тіл үйіреді, әсіресе бауырсақтың ерекше дәмі бар. Бірақ күн сайын осындай майлы тамақ жей берген соң, бір күні асқазаным ауырып, дәрігерге қаралғаным бар, бірақ кейіннен үйреніп кеттім. Дегенмен, Алматымен салыстырғанда, Нұр-Сұлтанда тұру қиынға түсті. Астанада үнемі жел соғатындықтан, ғимараттың есігін аша алмай, қиналатын едім (күліп). Негізі, Қазақстанға жыл сайын баратынмын. 2019 жылы ата-анаммен бірге Қазақстанға саяхаттадық. Отбасында жалғыз баламын. Ата-анаммен бірге Сеул маңында орналасқан Пундан қаласында тұрамын. Әкем 25 жыл бойы Hyundai компаниясында зерттеуші болып жұмыс істеп келеді. Ал анам үй шаруашылығымен айналысады. Сол себепті біраз тынықсын, көңілі сергісін деп Қазақстанға апарып қайтқанмын. Тағы бір айтайын дегенім, кәріс пен қазаққа ортақ ұқсастықтарды байқадым. Біз де сіздер секілді жасы үлкен адамдарға ерекше құрмет көрсетеміз. Ас ішетін кезде үстел басына үлкендер келмейінше, біз де тамақ ішпей күтіп отырамыз. Сіздер төр деп атайтын қастерлі орын бізде де бар. Біз де үлкендердің сөзін бөлмейміз, жолын кеспейміз. Біз де жер үстелге тамақтанамыз. Сіздерде киіз үй болса, бізде де киіз үйге ұқсас ұлттық нақышта безендірілген үйлер бар. Сосын сіздерде тұрмысқа шыққан қыздың жүгін сандыққа салып апарады ғой, бізде де дәл солай. Бізде де сіздердегідей күйеу жігіттің туыстары қыздың туған-туыстарымен алдын ала кездесіп, ақылдасады. Жалпы, екі елдің арасында ұқсастық өте көп екенін байқап, таңғалдым.
– Алматыда оқуда жүргенде Алматыдағы ең ірі мәдени орталықтардың бірі – Кәріс мәдени орталығының жұмысымен танысып қайтқан боларсың?
– Әлбетте, ол орталыққа бардым. Олар кәріс тілін білмейтіндіктен, қасыма орыс тілін білетін досымды ертіп алдым. Кездесу барысында оларға кәріс тілін үйрену қиынға соғатынын түсіндім. Дегенмен, тілін ұмытса да, мәдениетімізді сақтап, салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып жүрген оларға риза болдым. Ең маңыздысы сол деп ойлаймын. Менің ұлтым кәріс, бірақ тұратын жерім Қазақстан болса, өзге ұлттар біліп жүрсін деп мен де мәдениетімізді жүрген жерімде таныстырып жүретін едім.
– Екінші есімің Нұрай екен. Бұл есімді өзің таңдадың ба?
– Иә, өзім таңдадым. Курстың басында Әлия апай сабаққа қазақша есімдер жазылған қағаздар алып келіп: «Мен қазір есімдерді оқып шығамын, қайсысы құлақтарыңызға жағады, соны таңдап алыңдар» деді. Сол кезде «Нұрай» сөзін ұнатып, сол есімді таңдадым. Менің шын есімімді көпшілігі біледі, бірақ қазақ тілін үйренгісі келетін шетел азаматының қазақша есімі болған дұрыс деп ойлаймын. Қазір мені көпшілігі Нұрай деп атайды. Сеулдегі Қазақстан елшілігінде жұмыс істейтіндер «Біздің Нұрайымыз» деп айтады. Бастапқыда елшілік өкілдерімен Нұрай деген есіммен танысып, бірден қазақ тілінде сөйлескендіктен, олар мені кәріс емес, қазақ деп ойлапты. Кейіннен мені танитындар Сеулде қазақша оқыған кәріс қызы екенімді айтқанда олар таңғалғандарын айтады.
– Қазақ-кәріс сөздігін әзірлеп шығаруға көмектесетін мамандар іздеп жүргеніңді жариялаған соң, қол ұшын созуға ниет білдіргендердің қарасы көп екенін байқадық. Сөздік құрастыруға көмектесетін маман таба алдың ба?
– Жоқ, әлі таба алмай жүрмін. Менің идеямды естіп, көмектесуге ниет танытқан адамдар көп. Өзіңіз байқағандай, әлеуметтік желідегі парақшама да күн сайын бірнеше адам көмектескісі келетінін айтып, пікір жазып кетеді. Дегенмен, қол ұшын созғысы келетіндердің басым көпшілігі – жастар. Жазысқанда, сөйлескенде олардың қазақ тілінде дұрыс сөйлемейтінін аңғардым. Арасында слэнг сөздер қосады, қазір сәнге айналған сөздерді көп қолданады екен. Бірақ маған қазақ тілін ғылыми түрде үйрету бойынша тәжірибесі бар профессорлар мен тіл мамандары қажет. Ондай мықты мамандардың әлеуметтік желіні жиі қолданбайтыны белгілі, көп қолданса да маған бірінші болып жазбайтыны түсінікті. Дегенмен, шетел азаматына қазақ тілін оңай түсіндіретін, сөздікті бір оқығаннан-ақ, қазақша сөздерді бірден «сіңіріп» алатындай етіп құрастырып беретін маманды әлі іздестіріп жатырмын. Егер сіздердің басылымдарыңыз арқылы маған көмектесе алатын адам табылып қалса, қуанар едім.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңнан Қазақстан және Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңалықтармен жиі бөлісетініңді байқадым. Болашақта екі елдің арасын жалғап, белгілі бір қызметке орналасуды көздеп жүрген боларсың?
– Әрине, ондай жоспар бар. Сол үшін де қазақ тілін ұмытпауым керек. Қазақстанға жыл сайын баруымның себебі де сол – қазақ тілін ұмытып қалмау. Вакцина салдырған соң, осы жазда барып қайтамын деп жоспарлап отырмын. Материалдың аздығына, қазақ тілді ортаның жоқтығына қарамастан үйренген тілді ұмытып қалмау үшін қазақ тіліндегі түрлі бағдарламаларды қараймын, газеттердің онлайн нұсқасын оқимын. Қазақша әндер тыңдаймын. Осында тұратын қазақтармен сөйлесемін. Демалыс сайын Әлия апаймен кездесемін. Тағы бір айта кетерлігі, менің негізгі жұмысымнан бөлек, қосымша жұмысым тағы бар. Мен Оңтүстік Кореяның сотында қазақ тіліндегі аудармашы болып жұмыс істеймін. Кореяның аумағында жүріп, сотталған Қазақстан азаматы сот процесі кезінде қазақ тілін таңдай алады, сол кезде Корея соты қазақ тілін білетін мамандардың қызметіне жүгінеді. Сол себепті мен айыпталушыға барлығын түсіндіріп, көмектесіп отырамын. Жалпы, іс-қағаздар стиліндегі кәріс тілін қазақшаға аудару оңай емес, бірақ мен ең маңызды мәліметтерді аударып, түсіндіруге тырысамын.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ,
"Түркістан" газеті