Фото: Pixabay.com
Астанада қызына мектепте орамал тағуға рұқсат бермеген соң, әкесі сотқа шағымданды. Ол бұл талап баласының құқығын шектейді деп есептеген. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Дәлел ретінде ол 2016 жылғы 14 қаңтардағы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сілтеме жасаған. Онда міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар көрсетілгенімен, бас киімге тыйым салу туралы ереже жоқ.
«Кәмелетке толмаған қыздың әкесі мектеп формасына қатысты ереженің 16-тармағының 2-тармақшасын заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінді. Онда "мектеп формасын киген кезде діни сипаттағы киім мен символикаларға жол берілмейтіні" көрсетілген. Әке "шаш пен мойынды жауып тұратын орамалды" діни сипаттағы киім ретінде қарастырумен келіспейді», — делінген сот хабарламасында.
Сот ер адамның талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Сотта «Білім туралы» заң мен мектеп жарғысына сәйкес, мектеп формасы барлық оқушы үшін бірыңғай болуы тиіс және діни немесе басқа да ерекшелік белгілеріне жол берілмейтіні айтылды.
Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Жоғарғы соттың мектепте орамал тағуды заңды деп танығаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда ведомство бұл мәлімдемені жоққа шығарып, мектеп формасына қатысты талаптарды бекіту құзыреті салалық министрлікте екенін атап өтті. Және қолданыстағы бұйрықтың күшін жоймағанын мәлімдеді.