28 нау, 2022 сағат 13:22

Тіл мамандары тәжірибе алмасты


Бүгін тілді үйрету әдістемесі бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылар мен әдіскерлерге авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы білім беру, үздік әдістемелік идеяларды ортаға салу, әдістемені жетілдіру мақсатында тіл мамандары онлайн семинарға қатысты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп ұйымдастырған шараға орталықтың директоры  Ербол Тілешовпен бірге, шараға республикалық Тілдерді оқыту орталықтарының мамандары, облыстық, қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері қатысты.

Аталған жиында филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры Зейнехан Күзекова алғашқы дәрісті оқыды. Ол өзінің «Қазақ тілінің қолданбалы грамматикасының әдістемесі» тақырыбындағы лекциясында тілдің бүгінгі мәселелерімен қатар, негізгі әдістемесін ұсынды.

«Бүгінгі тақырыбым тілдік білім, тілдік мәдениет, бүгінгі таңда тілді оқытуға жаңаша қарауды талап ететініне тікелей байланысты. Қазақ тілін оқыту мазмұнын пәндік, процессуалдық, тіл біліміндегі құрылымдық, құрылымдық-семантикалық, функционалдық аспектілері тұрғысынан қарастырып, лексикалық бірліктерді үйретуге құрылған жаттығу түрлерін ұсынамын», – деді профессор Зейнехан Күзекова.

Ал қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлмира Амандықова бұған дейін өзге ұлттарға қазақ тілін шет тілі ретінде үйретудің әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Ол мұны өзінің өмірлік тәжірибесінен алғанын айта келе, тілді үйренудегі кедергілерді алып тастау керегін атап өтті.

«Менің ойымша, тілді үйренушінің тілді үйренудегі қабілеті мен ерекшелігін анықтау арқылы грамматикалық және лексикалық оқу материалдарын «түсіну-қабылдау-ана тілімен салыстыру» механизміне негіздеп оқыту оң нәтиже береді. Бұған дейін бірнеше мың өзге ұлт өкіліне қазақ тілін үйретіп, олардың емін-еркін сөйлеуіне, тілді тез меңгеруіне ықпал еткенімді мақтанышпен айта аламын», – деді Гүлмира Амандықова.

Ал «Сабақ құрылымын не анықтайды?» тақырыбында дәріс оқыған филология ғылымдарының докторы Зәуреш Ерназарова сабақтың құрылымын анықтағанда, мәтін, мәтінмен жұмыс, грамматикалық тапсырмалардың түрлеріне, тапсырманы берудің реті туралы баяндаса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Гүлбағиза Мұсаева «Қазақ тілін үйрету алгоритмі» тақырыбында баяндама жасады.

«Тілді үйрету үшін үйренушіге белгілі бір жүйемен тәлім беру керек. логикалық тұрғыда ойында әбден пісіріп, жүйені бір біріне сай етіп бейімдеу керек. Дегенмен, шетелдіктерге қазақ тілін үйретудің әдістемелері мүлде бөлек. Сондықтан қазақ тілін үйретуде ең бірінші нені меңгеру керегін алдын ала дайындап алғанымыз абзал», – деді ол өз сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін тілді үйрету әдістемесі бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылар мен әдіскерлерге авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы білім беру, үздік әдістемелік идеяларды ортаға салу, әдістемені жетілдіру мақсатында тіл мамандары онлайн семинарға қатысты. Аталған шараға республикалық Тілдерді оқыту орталықтарының мамандары, облыстық, қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері қатысты.