01 шіл, 2022 сағат 16:41

Тақиялы Тимоха және оның «мартышка» Daewoo Matiz-i

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматыда жол жиегінде такси ұстап тұрғанда ретро әуенімен, сыртында түрлі жапсырмасы бар Daewoo Matiz көлігі тоқтаса, бұл - тақиялы Тимоха және оның "мартышкасы". Қалада екеуі де танымал.

Тимур Қамалдинов жолаушыларды қалаған жеріне арзан жеткізеді. Жолаушы жол-жөнекей көліктің ішіндегі түрлі коллекцияның тарихын сұрап, сұраған жеріне жеткенше қайталанбайтын әуен тыңдап, жолақысын қалаған купюра, валютамен төлей алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тимур ағаның көлік айдағанына 44 жыл болыпты. Ол келесі жылы зейнетке шығады, бірақ сол кезде де сүйікті ісімен айналыса бергісі келеді.

Бала күнімнен көліктерге қызықтым. Фотосуреттерін қиып, жинайтынмын. Мектеп бітіре салысымен көлік жүргізушісі боп жұмысқа орналастым. Алғашында Мәскеу, Львов, Шымкент, Алматы арасында автобус жүргіздім. 22 жыл бойы тек автобус айдаппын. Кейін «Москвич» сатып алып, қала ішінде жолаушы және жүк тасымалдадым, — дейді Тимур Қамалдинов.

Тимур аға Алматыдағы «Москвич» көлігіне түрлі сурет жапсырып, магнитофон орнатқан атақты таксистің бірі болған. Кейін «Москвичті» сатып, орнына Daewoo Matiz сатып алыпты. Биыл — тақиялы Тимоха атанып кеткен такси жүргізушісі мен оның мартышка көлігінің достығына 10 жыл.

Бәрі мені Тимоха деп атайды. Ал мен өз көлігімді «мартышка» деп атаймын. Себебі кішкентай, ыңғайлы. Мартышканың алды-артына тақия киген маймылдың суретін жапсырып қойдым. Тақия – менің бойтұмарым. Бізді көрген жұрт «тақиялы Тимоха мен мартышкасы келе жатыр» деп ықыласпен қарсы алады. Осының өзі — көпжылдық еңбегімнің жемісі, — дейді көлік жүргізушісі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тимур аға Daewoo Matiz көлігін 2012 жылы Алматыда сатып алған. Қолында ақшасы болмаған, сол себепті несие алған. 12 мың доллар несие алып, жаңа көлікпен қауышқан соң тынбай еңбек етіп, бір жылдың ішінде несиені жауып тастапты.

Негізі көліктің құны 7 мың доллар еді. Ол кезде 1 доллар 168 теңге болатын. Несиеге рәсімдеген соң қымбатқа түсті, бірақ аз уақытта «Мартышка» өз құнын ақтап шықты, — дейді Тимур аға.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Daewoo Matiz Өзбекстанда шығады, сол себепті ең алғашқы жапсырма көліктің артқы әйнегіндегі «Узбек» жазуы болған. Бірақ қазір бұл жоқ, орнында жүздеген жаңа жапсырма пайда болған.

Ескі көліктерге жаңа тыныс, жаңа дем беру – менің хоббиім. Ешқашан «елден ерекше боп жүрейін», «жұрттың бәрі маған қарасын» деген ой болмапты. Көзіме түскен жапсырма, қолыма түскен ойыншықты үйге емес, көлігіме тасимын. Уақыт өте келе адамдарға ерекше көліктер ұнайтынын байқадым, — дейді ол.

Matiz бен оның иесі тәулігіне 15-16 сағат жұмыс істейді. Тек такси емес, арасында курьер, гид қызметін де ұсынады. Ешқандай компаниямен ресми келісімшартқа отырмаса да, тұрақты жолаушылары мен таныстары бар, бірақ көбіне жол жиегінде такси тоқтатып тұрған жолаушыларды тасиды.

Алайда ол аға кейінгі кезде жол-жөнекей такси тоқтататын жолаушы күрт азайғанын айтты.

Адамдар көшеде такси ұстауға қорқатын болды. Менікі сияқты «біртүрлі» көлікке мінуге тіпті жүрексінетін сияқты. Небір қатігез, психикасы бұзылған такси жүргізушілері біздің беделімізге нұқсан келтіріп жүр. Қазір көлігі бар адамның бәрі такси бола алады. Бақылау, тексеру жоқ. Сондықтан ойына келгенін істейді. Жолаушы үшін жауапкершілік алмайды. Ал сенім болмаған жерде іс жүрмейді. Жолаушы тасуды бір-екі реттік ермек көретін адамдар ойына келгенін істеп жүр. Олар біздің қызметтің беделіне нұқсан келтіреді. Жергілікті, тұрақты таксилер мұндай әрекетке бармайды, — дейді Тимур аға.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Оның айтуынша, жол тек жолаушыға емес, жүргізушіге де қауіпті. Кейде көлікке ашулы, ішімдік ішкен адамдар мінеді екен. Жүргізушіге дауыс көтеретін, қол көтеретіндерді де кездеседі.

Адамның бәрі бірдей емес. Қарым-қатынас оның тәрбиесіне, санасына байланысты. Жолаушы да, жүргізуші де алдын ала қамданып, қауіпсіздік шараларын жүргізгені жөн. Жолаушыны айтқан жеріне жеткізу – біздің міндетіміз, бірақ олардың кейбір жағымсыз әрекетіне көз жұмып қарай беруге болмайды, — дейді жүргізуші.

Мұндай келіспеушілік жолаушы мен жүргізуші арасында ғана емес, жүргізушілердің өз арасында да болып тұрады. Жолаушыға таласатындары, сол үшін жолда жарысатындары бар.

Түрлі такси сервисінің пайда болуы бәсекелестікті де, такси бағасын да күрт арттырып жіберген. Оған жолаушы мен жүргізуші арасында делдалға жасалатын төлем себеп болған.

Өзіңе өзің жұмыс істесең, көлік жүргізу – табысты сала. Ең жақсы тұсы – баға мен графикті өзің реттейсің. Қазір тапсырыс, жолаушы тауып беретін түрлі cервис, компания бар. Мен ескі жүйе бойынша жұмыс істеймін. Таныстарымның тапсырысын орындаймын, жол жиегіндегі жолаушыларды қалаған жеріне жеткізіп, табыс табамын. Күн сайынғы табысым – 9 мың теңге. Одан көп табуға да болады. Бірақ осы жастағы кісіге артық табыс керек емес. Өміріме ризамын. Әйелім де риза, — дейді Тимур аға.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әйелі Альфира Қамалдинованың айтуынша, Тимур аға таңғы асын ішіп, 07.00-де үйден шығып кетеді екен.

Таңертең кеткеннен қас қарайғанша сыртта жүреді. Жазда күн ыстық, үйге келіп біраз демалып ал деп түскі асқа шақырып аламын. 20.00-ден бастап хабарласып, «үйге қайт» демесең, бәрін ұмытып, қала аралап жүре береді. Жолаушылармен әңгімелескенді ұнатады. Сол үшін жұмысын да жақсы көреді, — дейді ол.

Daewoo Matiz көлігінде кондиционер болмаса да, шағын вентилятор бар. Ретро әндердің плейлисті де ерекше атмосфера сыйлайды. Плейлистінде 1975 жылдан бастап шыққан көп танымал ән бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұрын шоколад пішіндес кассетаның 400 данасын жинағанмын. Қазір USB-мен қосамын. Интернеттен ретро әндерді флешкаға жазып алдым. Мәскеуге бес рет барып келгенше қайталанбайтын ән қосып бере аламын. Әрбір әннің тарихын, орындаушысын жатқа білемін. Жолаушыға қызық болса, әңгімелеп айтып беремін, — дейді жүргізуші.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тимур аға 1960 жылы Алматыда өмірге келіп, осында өскен. Сондықтан қаланың әр көшесін, қиылысын жатқа біледі.

Мұндай үлкен қалада жол ережесін бұзбай өмір сүру қиын, тіпті мүмкін емес. Кейде тіпті басқа адамдардың амандығы үшін ережені бұзуға мәжбүр боламын. Мұндайда ереже емес, адам өмірін сақтау маңызды, — дейді ол.

Тимур ағаның айтуынша, Алматыдағы ең қауіпті даңғыл – әл-Фараби. Бағдаршам болмағандықтан көп жүргізуші осы көшенің бойымен жүруге тырысады. Көліктің көптігінен кептеліс пайда болады. Сәтбаев көшесі де үнемі көлікке толы. 17.00-ден 21.00-ге дейін Алматы көшелері көлікке лық толады. Қызметі реттелмеген бағдаршамдар көлік апатына, жол кептелісіне себеп болады екен.

44 жыл ішінде жол жүру ережесі, жол инспекторы, айыппұлмен түрлі мәселеге тап болдым. Қазір Алматыда және қала маңындағы жол инспекторларының бәрі мені таниды. Алғашында жиі тоқтатып, «Мынау не?», «Неге бұлай жүрсің?» деп сұрайтын. Тіпті, кейбірі «Қалада мұндай жапсырмамен жүруге болмайды» деп сес көрсететін. Мен жол жүру ережесін, тәртібін жақсы білемін. Көлікке жапсырма қоюға болмайды деген заңды естімеппін де, көрмеппін де. Арасында маған да айыппұл келіп тұрады. Мұндай «ханның қызында да болады» деп төлеймін де, әрі қарай жұмысымды жалғастыра беремін, — дейді Тимур аға.

Алматыда әдетте жұмыс күндері таңертең және кешке көлік кептелісі болады. Жақында жаңа екі метро бекеті ашылды. Ал Тимур аға әлі де болса метро қызметі аса қажет аудандарда жетпей жатыр деп ойлайды. Жеке көлік пен такси қызметіне сұраныстың артуына себеп осы.

Қаладағы жол қозғалысы оңай емес. Жүйке жүйесі мықты адам ғана аман қалады. Келіспеушілік, ұрыс, төбелес дегенді жиі көремін. Кейбірін ақылмен, кейбірін ашумен шешуге тура келеді. Осы жолда талай мұрын бұзылды ғой, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тимур ағаның айтуынша, қаладағы кептеліс, жол апаты адамдардың дер кезінде бір-біріне жол беріп, өткізіп жібермегенінен болады екен. Әрқайсы жол ережесі мен тәртібімен қоса, жүргізуші мәдениетін сақтауы керек. Жүргізуші этикасына қарапайым сыйластық, сөйлеу мәдениеті, коммуникация жатады.

Көлік жүргізушісі жасқа, жынысқа, ұлтқа қарап бөлінбейді. «Әйелдерге жол бер», «Балам бар, жол бер», «Бұл көлікті ардагер жүргізеді» деген жазуы бар белгіні көп көремін. Әрине, реті келсе, жол беруге тырысамыз, бірақ кейде озбыр адамдардың кесірінен түрлі оқыс оқиға боп жатады. Өкінішке қарай, көп жүргізуші менмендікке басып, бірінші боп өтуге, ешкімге жол бермеуге тырысады, — дейді ол.

Тимур ағаның жеке көлігінде де этика мен ереже бар. Тіпті оны көзге көрсетіп жазып қойған. Көлікте шылым шегуге тыйым салынған. Бала арбасымен жолаушы алмайды, себебі көлікте жүксалғыш жоқ. Көліктің сыртында «Басып озу қауіпті», «Ашуланба», «Құрмет көрсеткенің үшін рақмет» дейтін жазулар бар. Жапсырмалар түсіп қалмауы үшін көлікті көп жумайды екен. Сыртын тек дымқыл шүберекпен сүртіп, салонды шаңсорғышпен тазалап, спрей себу жеткілікті.

Көрген адамның бәрі «Өй, мына көлікке қанша ақша мен уақыт шығындайсыз?» деп сұрайды. Ұнаған нәрсені көлікке жапсыра салу көп уақыт алмайды ғой. Қымбат та емес. Есесіне ерекше. Жарнама агенттігінде, типографияда жұмыс істейтін танысым бар. Ол маған түрлі жапсырма жасап береді. Көлігімді қазіргі күйінен де әдемі ете түскім келеді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тимур ағаның үй жануарларына қарсылығы жоқ, тасымалдай береді. Өзінің үйінде мысығы мен күшігі бар. Кейде жолаушы үй жануары үшін бөлек төлем жасағысы келеді екен. Алайда Тимур ағада ондай ереже жоқ. Жолаушылардың ситуациясын пайдаланып артық ақша алып қалуға тырыспайды.

Әуежайда шетелдік жолаушыларды алдап, артық ақша алған жүргізушілер туралы естідім. Менің көлігіме де талай шетелдік жолаушы мінген. Ондайда Алматының әдемі жерлерін аралатуға тырысамын. Қазақстанның әдемі, қонақжай мемлекет екенін білсін деймін. Шет тілін білмесем де, ишаратпен түсінісіп кетеміз. Көлігімде валюталардың коллекциясы бар. Қырық жылдық қызметімде алған шетелдік купюраларды көлігімнің ішіне жапсырып қойдым, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тимур аға бірнеше рет заманауи шетелдік түрлі көлікті мініп, жүргізіп көрсе де, ешқайсысы Мартышкадай жайлы болмапты. Матизге мінгенде өзін үйінде отырғандай сезінеді екен.

Менің жұмыс орным да, кеңсем де — осы. Отбасымыздың асыраушысы да осы — Мартышка. Адам не нәрсеге бар ықыласын, махаббатын берсе, сол нәрсе жемісті болады», — дейді ол.

Енді ол көлігіне «джиптікіндей» қосалқы дөңгелек орнатуды жоспарлап отыр. Жалпы көлік жөндеуге, жууға көп шығын жұмсамаса да, сәндеу, әрлеу жұмыстарына барын бере салады.

Автор: Дана Маратова,

Сілтеме: Baribar.kz