Мәжіліс депутаттары елдегі жылу энергетикасы саласының жай-күйіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұтынушыларды сенімді және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету – тұрғындардың әл-ауқатының негізгі көрсеткіші және халықтың өркениетті өмірі үшін маңызды қажеттілік. Осы тұрғыда биылғы көктемде Степногордағы ЖЭО-да болған апат салдарынан қала тұрғындары бірнеше күн жылусыз қалды. Бұл алаңдатарлық фактор және еліміздің барлық мекендерін үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін дереу шара қабылдауға шақыратын дабыл белгісі», - деді депутат Александр Милютин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстанда көптеген ЖЭО, соның ішінде Степногор ЖЭО 50 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген.
«ЖЭО, қазандықтар, жылу желілері мен жылу тұтыну жүйелеріндегі негізгі және қосалқы жабдықтардың моральдық және физикалық тозуы шекті деңгейге жетті. Олар кез келген уақытта істен шығуы мүмкін, бұған дәлел – жылумен жабдықтау жүйелеріндегі апаттардың жыл сайын жиілеуі. Мұндай жағдайдың басты себебі Қазақстанда жылу энергетикасы саласында бірыңғай саясат, оны іске асыратын мемлекеттік орган жоқ.
ЖЭО үшін Энергетика министрлігі, қазандықтар үшін – жергілікті атқарушы органдар, жылу желілері үшін – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жауапты. Тарифтерді реттеу – Ұлттық экономика министрлігінің шаруасы. Сонымен бірге, бұл органдардың құзыреттері нақты ажыратылмаған», - дейді Александр Милютин.
Депутаттың пікірінше, осындай бытыраңқылық пен жылу энергетикасы саласында бірыңғай саясаттың болмауынан ЖЭО қазандықтары мен турбиналары уақтылы жаңартылмайды, жылу желілерінің тозған құбырлары мен сорғы жабдықтары жоспарлы түрде ауыспайды.
«Сондықтан да Степногордағы жағдай еліміздің кез келген өңірінде қайталануы мүмкін», - деді Александр Милютин.
Бұған жол бермеу үшін мәжілісмендер Үкімет деңгейінде республика бойынша жылу энергетикасы мен жылумен жабдықтау жағдайына талдау жасауды, салада бірыңғай саясат әзірлеп, оны іске асыруға жауапты ведомство құруды сұрады.