28 нау, 2022 сағат 13:13

Сот орындаушысы қандай жағдайда лицензиясынан айырылады?


2021 жылы алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік борышкерлердің де, өндіріп алушылардың да құқықтарын қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. «Атқарушылық іс жүргізу туралы» Заңға 2020 жылы маңызды өзгерістер енгізілді. Олар борышкер мен өндіріп алушының құқықтарын қорғауға, жеке сот орындаушының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Енді бір ай ішінде алимент өндіру және басқа да әлеуметтік істер бойынша белсенді жұмыс болмаған жағдайда сот орындаушысы лицензиясынан айырылады. 2021 жылы осындай негіздер бойынша 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, жеке сот орындаушы мүлікті сатқаннан кейін басқа сот орындаушылардың да шектеулерін шешуге міндетті болды. Сонымен қатар енді сот орындаушысы борышкердің елден шығуын шектеуге міндетті. Бұрын ол мұны өз қалауы бойынша жасай алатын.

«Жұмыс істейтін мүгедек борышкерден алимент өндіріп алу тек оның жалақысынан ғана жүзеге асырылады. 2020 жылғы желтоқсанда Жоғарғы соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы« нормативтік қаулысына түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер қасақана төлемеушілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды айтарлықтай жеңілдетті. Өткен жылы алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал 2019 жылы 62 борышкер жауапқа тартылған еді. 2021 жылы 6 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр», - деді Қанат Мусин.